Радиотехникалық объектілер (бұдан әрі – РТО) — радиосигналдарды беру, қабылдау және өңдеуге арналған құрылыстар мен құрылғылар. Олар технологиялық тұрғыдан қоршаған ортаға 30 кГц–300 ГГц радиожиілік диапазонында электромагниттік тербелістерді шығарады (ұялы байланыс базалық станциялары, радиотаратқыш құрылғылар, теледидар станциялары, радиохабар тарату мұнаралары және өзге де радиожиілік сәулелену көздері). Оларды пайдалану халық пен қоршаған ортаға электромагниттік өрістердің (ЭМӨ) әсерімен байланысты болғандықтан, санитариялық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтауды талап етеді.
Қазақстан Республикасында мұндай объектілерге қойылатын талаптар 2022 жылғы 28 ақпандағы № ҚР ДСМ-19 Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген санитариялық қағидалармен (бұдан әрі – Бұйрық) реттеледі. РТО орнату тек жобалық құжаттамаға санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алынғаннан кейін ғана рұқсат етіледі. Жобалық құжаттамада санитариялық-қорғаныш аймағы, құрылыс салуды шектеу аймақтары, биологиялық қауіпті аймақ, сондай-ақ объектіде орналасқан бөгде операторлардың антенналарын ескере отырып, дөңгелек және секторлық сәулелендіру антенналарынан туындайтын жиынтық электромагниттік сәулеленудің есептері сияқты қажетті есептеулер көрсетіледі. Жобалық құжаттамаға санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары береді. Кез келген ғимараттар мен құрылыстарда базалық станцияларды орналастырудың негізгі талабы – үй-жайларда да, аумақта да электромагниттік өрістің шекті рұқсат етілген деңгейлерін қамтамасыз ету (10 мкВт/см²-ден аспауы тиіс).
РТО тұрғын және қоғамдық ғимараттарға зиянды әсерін болдырмау үшін санитариялық-қорғаныш аймақтарын ескере отырып орналастырылуы тиіс. Адамдардың болуына арналған ғимараттардың (өндірістік, тұрғын, қоғамдық және әкімшілік) шатырларында дөңгелек және секторлық сәулелендіру радиотехникалық құралдарының антенналарын, сондай-ақ спутниктік байланыс станцияларының антенналарын орналастыруға мынадай шарттардың бірі сақталған жағдайда рұқсат етіледі: 1.жоғарғы қабатта темірбетон жабынның болуы; 2.металл шатырдың болуы; 3.техникалық қабаттың болуы.
Сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың аумақтық басқармалары жыл бойы радиотехникалық объектілерге санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізеді, яғни базалық станциялар маңында электромагниттік сәулелену ағынының тығыздығы өлшенеді. Бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысы бойынша шекті рұқсат етілген деңгейден асу жағдайлары анықталған жоқ.