
Тасқала аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Жұмағалиева Ақкамен Сапарғалиқызы 1979 жылғы 23 сәуірде Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңақала ауылында дүниеге келген.
1996 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңақала ауылындағы орта мектепті тәмамдаған. 2004 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
2004 жылғы 4 қазаннан бастап мемлекеттік қызметке деген жауапкершілік пен талпыныстың арқасында Тасқала аудандық санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасына бас маман болып қызметке қабылданды.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет саласында 20 жылға жуық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Қызмет еткен жылдары мекеме атауы мен құрылымына бірқатар өзгерістер енгізілгенімен, Ақкамен Сапарғалиқызы өз міндетін абыроймен атқарып келеді.
Қандай күрделі міндет жүктелсе де, кәсіби білімі мен тәжірибесін тиімді қолдана отырып, жоғары жауапкершілік танытады. Қарапайымдылығы, әділдігі, еңбекқорлығы және белсенді өмірлік ұстанымы әріптестері арасында зор құрметке ие. Жас мамандарға тәлімгерлік жасап, өз тәжірибесімен бөлісіп келеді.
Әдеп кодексі нормаларын қатаң сақтайды, лауазымдық міндеттерін үлгілі орындайды. Өңірдің қоғамдық және спорттық іс-шараларына белсене қатысады.
Атап айтқанда: – мемлекеттік қызметшілер арасында өткен облыстық баскетбол жарысының бірнеше дүркін жеңімпазы;
– 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні және мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Әкем, анам және мен – спорттық жанұя» аудандық спартакиадасының I орын иегері;
– Тасқала аудандық мемлекеттік қызметшілер арасындағы спартакиадада шахматтан I орын иегері. Мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгерген. Ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды сапалы орындайды, тұрғындардың өтініштері мен шағымдарын заң талаптарына сәйкес уақытылы қарап, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстайды. Қайырымдылық шараларға да белсенді қатысады.
Отбасылы, төрт қыздың анасы, үлгілі отбасының ардақты келіні. Жемісті еңбегі үшін Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің Мадақтама грамотасымен және Алғыс хатымен, БҚО Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің Мадақтамасымен, Тасқала аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының Алғыс хатымен, Тасқала аудан әкімінің Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының Алғыс хатымен марапатталған.
Сонымен қатар, Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткізілген «Үздік санитариялық-эпидемиологиялық бейін маман» облыстық байқауының III орын иегері.