Қантты шамадан тыс тұтынудың зияны туралы

Қантты шамадан тыс тұтынудың зияны туралы
Қантты шамадан тыс тұтыну қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Тамақтану рационында қант тек қана кондитерлік өнімдер мен тәтті сусындардың құрамында ғана емес, сонымен қатар күнделікті тұтынатын өнімдерде — нан-тоқаш өнімдерінде, түрлі тұздықтарда, жартылай дайын тағамдарда және өнеркәсіптік жолмен өндірілген сусындарда да жиі кездеседі.
Қанттың ағзаға артық мөлшерде түсуі бірқатар созылмалы жұқпалы емес аурулардың дамуына ықпал етеді. Ең алдымен, семіздік, 2-типті қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары және метаболикалық синдром қаупін арттырады. Құрамында қосылған қант мөлшері жоғары өнімдерді тұрақты түрде тұтыну көмірсу алмасуының бұзылуына, қандағы глюкоза деңгейінің жоғарылауына және инсулинге төзімділіктің қалыптасуына әкеледі.
Сонымен қатар, қантты шамадан тыс тұтыну тістердің жағдайына кері әсер етіп, тісжегінің және ауыз қуысы ауруларының дамуына себеп болады. Балаларда тәтті тағамдарды көп тұтыну дұрыс тамақтану дағдыларының бұзылуына, иммунитеттің төмендеуіне және ересек жаста артық дене салмағының пайда болу қаупінің артуына әкелуі мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, еркін қанттарды тұтыну тәуліктік жалпы энергия құндылығының 10%-ынан аспауы тиіс, ал денсаулыққа қосымша пайда алу үшін бұл көрсеткішті 5%-дан төмен деңгейге дейін шектеу ұсынылады. Аталған ұсынымдарды сақтау созылмалы аурулардың даму қаупін төмендетуге және ағзаның жалпы жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
Аурулардың алдын алу мақсатында төмендегілер ұсынылады:
- тәтті сусындар мен кондитерлік өнімдерді тұтынуды азайту;
- тағам өнімдерінің құрамын мұқият зерделеу;
- құрамында тағамдық талшықтар, дәрумендер мен минералдар мол табиғи өнімдерге басымдық беру;
- ерте жастан бастап дұрыс және теңгерімді тамақтану мәдениетін қалыптастыру.
Қантты тұтынуды ұтымды шектеу — денсаулықты сақтаудың, өмір сүру сапасын арттырудың және әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алудың маңызды шарасы болып табылады.