Қызылша – қауіпті инфекция

Қызылша – қауіпті инфекция
Қызылша - бұл дене температурасының 38-40° C дейін көтерілуімен, жалпы интоксикациямен, көздің шырышты қабығының, мұрын-жұтқыншақтың, жоғарғы тыныс жолдарының қабыну құбылыстарымен, бөртпелердің кезең-кезеңімен сипатталатын жіті инфекциялық ауру. Жалпы әлсіздік, бас ауруы, тәбеттің төмендеуі, ұйқының бұзылуы пайда болады.
БҚО-да қызылша ауруының 41 жағдайы тіркелген.
Бөртпе кезеңі қызғылт немесе қызыл дақтар түрінде біріктірілген бөртпенің пайда болуымен сипатталады.
Бірінші күні бөртпе элементтері құлақтың артында, бастың түкті бөлігінде, бет пен мойында, кеуденің жоғарғы бөлігінде пайда болады;
Екінші күні бөртпе денеге және қолдың жоғарғы бөлігіне шығады;
Үшінші күні бөртпе элементтері аяқтарда пайда болады, ал бетіндегі бөртпелер бозарады.
Инфекцияның көзі - науқас адам. Вирустың таралуы ауа тамшыларымен, сілекей тамшыларымен, түшкіру, жөтелу, сөйлесу арқылы жүреді. Ауа ағынымен вирус айтарлықтай қашықтыққа таралуы мүмкін. Қызылшамен ауыратын науқас болған үй-жайдың ауасымен тыныс алған кезде қызылша жұғуы мүмкін. Егер адам қызылшамен ауырмаған болса және осы инфекцияға қарсы егілмеген болса, онда науқаспен байланыста болғаннан кейін негізінен жағдайдың 100%-да жұғу орын алады.
Қызылшамен ауыратын науқас айналасындағылар үшін 7-10 күн бойы қауіпті болып табылады. Адамдардың табиғи сезімталдығы өте жоғары, ауырып сауыққаннан кейін адамдарда өмір бойына иммунитет пайда болады. Қызылшамен қайталап сырқаттану жағдайы өте сирек кездеседі.
Қызылшамен сырқаттанған кезде күрделі асқынулар пайда болуы мүмкін. Оларға өкпенің қабынуы (пневмония), ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), кей жағдайда энцефалит (мидың қабынуы) тәрізді өте күрделі жағдайлар жатады. Қызылшамен ауырып сауыққаннан кейін ұзақ уақыт бойы (2 айға дейін) иммунитеттің төмендеуі байқалатынын есте сақтау қажет, сондықтан бала қандай да бір суық тию немесе вирустық аурумен ауыруы мүмкін, сол себепті оны шамадан тыс жүктемеден, мүмкіндігінше - науқас балалармен қарым-қатынастан қорғау қажет.
Аурудан сенімді қорғанудың бірден бір жолы Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілген қызылшаға қарсы вакцинация болып табылады.
Ата-аналарға:
- балаларының қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеру, вакцинация болмаған жағдайда – қызылшаға қарсы профилактикалық екпелер алу;
- қызылшаға қарсы егілмеген балалардың әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуын, ойын-сауық сауда орталықтарындағы ойын алаңдарына баруын шектеу ұсынылады.
Егер Сіз немесе Сіздің балаңыз ауырған жағдайда:
- катаралды құбылыстармен (дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік) байқалып және бөртпе шығып аурудың бірінші белгілері пайда болған кезде дәрігерге қаралу, қызылша ауруына тексеруден өту және оның барлық нұсқауларын орындау;
- ауыр жағдайларда жедел жәрдем шақырту;
- дәрігер келгенге дейін туыстарымен, таныстарымен және басқа адамдармен байланысты шектеу;
- жөтелген және түшкірген кезде бет орамалды немесе сулықты пайдаланып, ауызды және мұрынды жабу, қолды сабынмен жиі жуу;
- тыныс алу ағзаларының қорғаныш құралдарын (мысалы, бетперде немесе дәке таңғыш) пайдалану;
- өзін өзі емдеумен айналыспау керек!
Инфекцияға қарсы күрестің ең қолжетімді және тиімді әдісі вакцинация болып табылады.