Энергетикалық сусындардың адам ағзасына әсері

Энергетикалық сусындардың адам ағзасына әсері

Энергетикалық сусындар – бұл ынталандырушы компоненттері бар және адамға күні бойы қуатты әрі сергек болуға көмектесетін сусын түрі. Бұл сусын түрінің ағзамызды өзіне тәуелді етуінің бірден бір себебі құрамындағы кофеинге негізделген. Дәрігерлердің пайымдауынша, кофеин психикаға қатты әсер ететіндіктен, сұйықтыққа тәуелділік туындатады. Кофеиннің мөлшері неғұрлым көп болған сайын, соғұрлым жүйке белсенді жұмыс істей бастайды. Денсаулығында ақауы жоқ ересек адам кофеинді күніне 400 мг ғана қолдануы керек, ал жүкті әйелдер мен жасөспірімдер тұтынатын мөлшер одан аз болуы қажет.

         Энергетикалық сусынның әсері 3-4 сағатқа дейін. Сонымен қатар құрамында қант, түрлі бояғыш заттар барын да естен шығармаған жөн. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын энергетикалық сусындарды жиі тұтыну тахикардия, қант диабеті, жоғары дәрежедегі невроз, жүрек-қантамыр ауруларына және күйзеліс сияқты дерттерге душар етуі ықтимал. Энергетикалық сусынды алкогольмен бірге ішетін жандар да баршылық, ол кезде бауыр мен ұйқы безі зақымданады. Сондай-ақ энергетикалық сусындарда кофеин мен басқа да стимуляторлардың ащы дәмін жасыру үшін көп мөлшерде қант болады. Ол энергетик құрамында стимулятор рөлін атқаратын энергияның маңызды компоненті. Адам қарапайым көмірсулардың үлкен дозасын алған кезде, олар сергектікке ие болады. Қантты шамадан тыс тұтыну жүрек ауруына, семіздікке, екінші типтегі қант диабетіне және басқа метаболикалық мәселелерге әкелуі мүмкін.

         Энергетикалық сусындардың қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын талаптар «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» (КО ТР 021/2011) Кеден одағының Техникалық регламентінде (Кеден одағы комиссиясының 2011ж 9 желтоқсандағы № 880 шешімімен бекітіліп, 2013 ж 1 шілдесінде күшіне енген) белгіленген. Регламентке сәйкес, сергітетін заттар ретінде кофеинді және оның өсімдіктерін (өсімдік сығындылары) шәй, кофе, гуаран, мате, сонымен қатар энергетикалық әрекет беретін дәрілік өсімдіктермен және оның сығындыларын пайдалануға болады. Алкогольсіз энергетикалық сусындардың құрамына сергітетін заттарды (компоненттерді) екіден көп емес, ал алкоголі аз сусындарға біреуден көп емес қосуға рұқсат етіледі.

         Қазір жасөспірімдер мен жастар арасында энергетикалық сусынды шамадан көп мөлшерде пайдалану қаупі орын алады.

         Энергетикалық сусындардың қолжетімділігі оларды жиі және шамадан тыс пайдалануға әкеледі. Ал бұл өз кезегінде денсаулыққа зиян келтіреді.

         Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының соңғы мәліметтері бойынша, Қазақстанда 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің шамамен 45%-ы энергетикалық сусынды ішіп көрген, кәмелетке толмағандардың шамамен 3%-ы күн сайын энергетикалық сусынды ішеді әрі бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Кейіннен олардың көпшілігі үшін бұл тәуелділікке айналады. Балалардың 17,5 пайызы энергетикалық сусынды аптасына бес-алты рет тұтынады.

         Энергия деңгейінің жоғарылауынан басқа, энергетикалық сусындар бас ауруы, алаңдаушылық, ашуланшақтық, тіпті үрей шабуылдары сияқты жағымсыз жанама әсер беруі мүмкін. Сондай-ақ асқазанның бұзылуы, шамадан тыс терлеу және қолдың дірілдеуін тудыруы мүмкін.

Сауда орындарынан сусынды сатып аларда таңбалануында (этикеткасында) көрсетілген мәліметтерге аса мән берген жөн: сақтау мерзімі, химиялық құрамы мен ондағы элементтердің, әсіресе сергіткіш компоненттердің мөлшері, тәуліктік мөлшері, компоненттердің шекті рұқсат етілген концентрациясы (ШРК), өндірушінің мекен-жайы көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар «18 жасқа толмаған балалар, қарт кісілер, қан қысымы жоғары, жүрек қызметі бұзылған, жүйке жүйесі ауытқулары бар жандар, аяғы ауыр және емізулі аналар ішуге болмайды» деген қарсы көрсетілімге аса мұқият болыңыздар. Сатып алған сусыныңыз өзіңізге зиянсыз болуын қадағалаңыз!