30 тамыз – Қазақстан Республикасының Ата Заңы қабылданған күн. Осыған орай Батыс Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде Конституция күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындаумен басталды. Департамент басшысының міндетін атқарушы Нұржан Мұстаев құттықтау сөз сөйлеп, ұжымға ел бірлігі мен заң үстемдігінің символы саналатын Конституцияның маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Департамент басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Назгүл Сариева мемлекеттік қызметшілердің мереке және жұмыстан тыс уақытта Әдеп кодексінің нормаларын қатаң сақтауы, қоғамдық тәртіп пен имандылықты бұзатын құқық бұзушылықтарға жол бермеу қажеттілігі туралы айтты.
Іс-шара барысында Орал қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының Техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің жетекші маманы Қайрова Фатима Айбекқызы мемлекеттік қызметші ретінде салтанатты түрде ант қабылдады.
Мерекелік шара елге адал қызмет етуге және Конституцияға деген құрметті нығайтуға бағытталды.