Газдалған сусындардың балалар ағзасына әсері

Газдалған сусындардың балалар ағзасына әсері

Қазіргі таңда газдалған сусындар әлемде кеңінен таралған. Олардың түрлі дәмдері мен тартымды қаптамалары тұтынушыларды қызықтырады. Алайда, бұл сусындардың адам денсаулығына тигізетін кері әсерлері туралы көпшілік біле бермейді. Олардың құрамындағы зиянды заттар түрлі аурулардың пайда болуына және асқынуына себепші болуы мүмкін.

 Газдалған сусындардың құрамына келетін болсақ, газдалған сусындар құрамындағы кейбір негізгі компоненттер бала денсаулығына кері әсер етеді:
• қант пен тәттілендіргіштер – газды сусындардың құрамында қант мөлшері өте жоғары. Мысалы, 330 мл газды сусынның құрамында 30-40 г қант бар, бұл шамамен 7-10 шай қасық қантқа тең. Тәттілендіргіштер ағзадағы инсулин деңгейін жоғарылатып, диабет пен семіздік қаупін арттырады. Қазіргі таңда диетолог-мамандардың кеңесіне сүйенсек, балаларға тәулігіне қанттың мөлшері 25 граммнан аспауы қажет. Сонымен қатар, қантты газдалған сусындардың құрамындағы қанттар ауыз қуысында қалады және тіс эмалін бұзатын бактериялардың көбеюіне ықпал етеді. Газды сусын құрамындағы көп мөлшерде кездесетін кофеин - орталық жүйке жүйесінің күшті стимуляторы, қан қысымын жоғарылатады, жүрек соғу жиілігін жоғарылатады, аритмияны, ұйқының бұзылуын, қатты тітіркенуді, көңіл-күйдің өзгеруін тудырады;
• фосфор қышқылы – сүйек тінін әлсіретіп, кальцийдің сіңуін төмендетеді, нәтижесінде остеопороз қаупі артады;
• Көмірқышқыл газы – асқазанның қышқылдық деңгейін жоғарылатып, гастрит және асқазан жарасын тудыруы мүмкін;
• Жасанды бояғыштар мен консерванттар – кейбір химиялық қоспалар бауыр мен бүйрекке ауыртпалық түсіріп, аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін.

Сондықтан денсаулықты сақтау үшін газдалған сусындарды тұтынуды шектеу керек. Қантты газдалған сусындардың балалардың денсаулығына зияны айқын. Егер бала шөлдесе, онда өсіп келе жатқан ағзаға қауіпсіз және пайдалы табиғи сусындар, шырындар, шай немесе минералды су ішкен дұрыс.

Ата-аналар, балалар сізден үлгі алатынын ұмытпаңыздар!

Балаларыңыз қауіпті сусындарды мүмкіндігінше аз тұтынуы үшін оларға мысал келтіріңіз - қантты газдалған сусындарды тұтынуды шектегеніңіз абзал!