Энергетикалық сусындар

Энергетикалық сусындар

          Энергетикалық сусындар – бұл ынталандырушы компоненттері бар сусын түрі. Алайда олардың құрамындағы заттар жүйке жүйесін ынталандыру үшін бұрыннан пайдаланылып келеді. Энергетикалық сусындар емтиханға дайындалып жүрген студенттерге, жұмысын уақытында тапсырып үлгермей жүрген қызметкерлерге, спорттық рекордтарға ұмтылған спортшыларға, шаршаған жүргізушілер мен түнгі клуб қыдырмаларына нағыз құтқарушы болды. Энергетикалық сусындар көңіл-күйді көтеріп, ой әрекетін жақсартады. Энергетикалық сусындардың кейбірі кофеинге негізделсе, екіншісі – дәрумендер мен көмірсулардан құралған. Энергетикалық сусындар дәрумендер кешені мен глюкозадан тұрады. Дәрумендердің пайдасы бәріне мәлім. Глюкоза болса қанға тез сіңіп, қышқылдандыратын процестерге қатысады және бұлшық ет, ми және басқа да маңызды мүшелерді энергиямен қамтамасыз етеді. Бір шыны кофенің әсері 1-2 сағат сақталады, ал энергетикалық сусынның әсері – 3-4 сағатқа дейін. Оған қоса, көптеген энергетикалық сусындар газдалған болып келеді, бұл олардың әсерін кофеге қарағанда жеделдетеді. Құтысы да ыңғайлы болғандықтан, энергетикалық сусындарды өзіңмен алып жүруге және кез келген жерде ішуге болады. Максималды мөлшер – күніне 2 құты сусын. Мөлшерден асыру – қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін.

           Энергетикалық сусындардың құрамындағы дәрумендер мультидәруменді кешенді алмастыра алмайды. Жүрек аурулары бар, гипотония немесе гипертониямен ауыратын адамдарға энергетикалық сусындарды тұтыну құпталмайды. Энергетикалық сусындар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді деген тұжырым – дәлелсіз. Сусында ешқандай энергия жоқ, ол тек энергия қоздырушысы. Біз өз энергия қорымызды пайдаланамыз, яғни, энергияны өзімізден қарызға ала тұрамыз. Алайда ерте ме, кеш пе бұл қарызды шаршағандық, ұйқысыздық, ашушаңдық түріндегі пайызбен қайтаруға тура келеді. Басқа да ынталандырушылар сияқты энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин жүйке жүйесін әлсіретеді. Оның әсері 3-5 сағат сақталады, бұдан кейін ағзаға демалыс қажет. Сонымен қатар, кофеинге адам тез әуестенеді. Глюкоза мен кофеиннен тұратын энергетикалық сусын жас ағза үшін өте зиян.  Көптеген энергетикалық сусындардың құрамында көп мөлшерде В дәрумені болады. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдардың дірілдеуіне себеп болуы мүмкін.

           Энергетикалық сусындарды ешқандай жағдайда ішімдікпен араластырып ішуге болмайды. Кофеин қан қысымын көтереді, ал ішімдік оның әсерін одан сайын арттырады. Нәтижесінде гипертониялық кризге ұшыратуы әбден мүмкін.Дәрігерлердің пікірінше, энергетикалық сусындар – дәруменді кофе алмастырғыш, тек денсаулыққа қауіптірек. Басқа өнімдердегі жемісті шырындар мен глюкоза ағзаға дәл осылай әсер етеді. Энергетикалық сусындардың құрамында таурин және глюкуронолактон бар. Таурин қажетті мөлшерден бірнеше есеге асып түседі, ал 2 құты сусындағы глюкуронолактонның мөлшері күнделікті нормадан 500 есе көп. Бұл ингредиенттердің ағзаға қалай әсер ететіндігі ғалымдарға әлі белгісіз. Сондықтан таурин мен глюкуронолактонды мұндай жоғары мөлшерде пайдалану қауіпсіздігі әлі анықталмаған, әлі де зерттеулерді қажет етеді.