Оқушылардың тамақтану сапасының мониторингі

Оқушылардың тамақтану сапасының мониторингі

          Оқушылардың сапалы және теңгерімді тамақтануын қамтамасыз ету, денсаулығын нығайтуға, толыққанды физикалық және интеллектуалды дамуына ықпал ету мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы № ҚР ДСМ-16 бұйрығымен бекітілген «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға» сәйкес мектептегі тамақтандыруды ұйымдастыруға мониторинг жүргізіледі.

          Ас блоктарында технологиялық процестердің бірізділігін сақтау үшін азық-түлік (тамақ) шикізатының, шикі жартылай фабрикаттар мен дайын тамақ өнімдерінің, таза және пайдаланылған ыдыстардың қарсы ағынын, сондай-ақ келушілер мен персоналдың қарсы қозғалысын болдырмайтын жағдайлар жасалуы тиіс. Ас блогы қызметкерлері мен оқушылардың жеке бас гигиенасын сақтауы үшін қажетті жағдайлар жасалуы тиіс. Мектептердің ас блоктары асхана мен ас үй ыдыстарының қажетті мөлшерімен, мүкәммалмен, тоңазытқыш және технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілуі тиіс.

         Жамбыл облысының аумағында ағымдағы оқу жылында 494 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. 491 мектепте оқушыларға ыстық тамақ ұйымдастырылған, бұл  жалпы мектептер санын алғанда 99,4%  құрайды.  Кешкі 3 мектепте (0,1%) тамақтану ұйымдастырылмаған. Ыстық тамақ ұйымдастырылған 491 мектептің 410 асханасын (83,6%) кәсіпкерлік субъектілері жалға алған, 30 жалға алынған буфетте (6,1%) тамақтандыру кейтерингпен шарттар жасасу арқылы ұйымдастырылған. 51 жекеменшік мектепте (10,3%) тамақтандыруды штаттық персонал өз базасында жүзеге асырады.

          Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығы негізінде мектептерде қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі, мектептің медицина қызметкері өкілдерінің қатысуымен тамақтану сапасының мониторингі жөніндегі комиссиялар құрылады. Комиссия төрағасы орта білім беру ұйымының басшысы болып табылады. Комиссияның міндеттеріне келіп түсетін тамақ өнімдерінің сапасына, тамақ өнімдеріне сертификаттардың болуына, дайындалған тағамдардың сапасына, технологиялық жабдықтардың болуы мен жарамдылығына, сақтау мерзімдері мен шарттарының сақталуына, өнімдерді, дайын азық-түлікті, тағамдарды жеткізу, балалардың нақты тамақтану рационының күнделікті және перспективалық мәзірге сәйкестігіне, асхананың санитариялық жағдайына мониторингті жүзеге асыру кіреді. Комиссия жұмысының қорытындылары ай сайын ақпарат түрінде ресімделеді, содан кейін оларды білім беру ұйымының педагогикалық кеңесінде қарайды және интернет-ресурста орналастырады. Мониторингтің тәртібі мен еселігі білім беру ұйымдарының нормативтік-құқықтық актілерімен реттеледі.

         Сондай-ақ, облыстың білім басқармасы жанынан тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптамалық топ құрылды, ол тамақтану сапасының мониторингі жөніндегі комиссиялар қызметінің тиімділігіне жүйелі талдау жүргізеді, білім беру ұйымдарында білім алушылардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді, нормативтік құқықтық актілерді өрескел бұза отырып қызмет көрсетушілерді есепке алуды жүргізеді. Білім басқармасының және орта білім беру ұйымдарының интернет-ресурстарында «Мектеп тамағы» айдары құрылды, онда тілек білдірушілер білім алушылардың тамақтануын ұйымдастыру жөніндегі ақпаратпен (перспективалық, күнделікті ас мәзірі, тамақтану сапасының мониторингі жөніндегі комиссиялар мен ведомствоаралық сараптама тобы жұмысының нәтижелерімен) таныса алады.

Сапалы тамақтану-бұл оқушылардың денсаулығы мен жақсы үлгерімінің кепілі.