Көптеген ата-аналар мектепке дейінгі балалар ұйымдарының санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келетіндігіне қызығушылық танытады. Балабақшаларға қандай талаптар қойылады? Мектепке дейінгі ұйымдар бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қағидалар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 9 шілдедегі № ҚР ДСМ-59 бұйрығымен бекітілген.
Балабақша салуға арналған жер учаскесі көлік магистральдарынан қашықтықта бөлінеді. Қоршалған аумақта балалардың әрбір жас тобы үшін жеке ойын алаңдары және күн мен жауын-шашыннан қорғау үшін үш жағынан қоршалған кемінде 20 м2 көлеңке қалқа көзделеді. МДҰ алаңдарының көлемдері балалардың санына қарай бір орынға кемінде 4 шаршы метр (бұдан әрі – м2) қабылданады. Жыл сайын көктем мезгілінде ойын алаңдарында құмды толық ауыстыру жүргізіледі. Балабақшалар жеке тұрған ғимаратта, жеке үй иеліктерінде, көп пәтерлі тұрғын үйдің бірінші екі қабатында, сондай-ақ ішіне-жапсарлас салынған үй-жайларда орналастырылады. Балабақшаның жас ерекшелігіне байланысты топтық үй-жайларының құрамына киім шешетін бөлме, ойын, жатын бөлмесі, буфет-тарату орны, дәретхана кіреді. Ғимараттардың бірінші қабатында медициналық үй-жайлар мен оқшаулағыш қарастырылған. Бүлдіршін және мектепке дейінгі жастағы топтардың ойын бөлмелерінде 1 балаға кемінде 2,0 м2, ал жатын бөлмелерінде 1 балаға кемінде 1,8 м2 болуы тиіс.
Балабақша бөлмелерінде үй-жайлардағы қабырғалардың, жабдықтың беті ылғалды тәсілмен жинауға жол беретіндей тегіс, күңгірт болады. Ылғалды режимде жұмыс істейтін үй-жайлардың (медициналық мақсаттағы, ас блогы, санитариялық тораптар, кір жуу, жуыну орындар) қабырғаларын кемінде 1,5 м биіктікте, себезгі бөлмелерінде кемінде 1,8 м биіктікте тақтаймен немесе жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, ылғалды тәсілмен жинауға жол беретін басқа да материалдармен қаптайды. Үй-жайлардағы еден ағаш тақтаймен немесе паркетпен жабылады. Едендердің бетіне ылғалды тәсілмен өңдеуге және дезинфекциялауға жол беретін синтетикалық полимерлі материалдар, жылы линолеум төсеуге жол беріледі. Жылыту жүйесінің радиаторлары терезе астындағы қуыстарда орналастырылады және тормен жабылады.
Мектепке дейінгі балалар ұйымдарында орталықтандырылған шаруашылық-ауыз су, ыстық сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау жарамды жағдайда көзделеді. Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі болмаған жағдайда ішкі су құбыры мен су бұру құрылғылары бар ауыз су мақсатындағы жергілікті көздерден алынған суды пайдалануға жол беріледі. Ыстық және суық су барлық ванналарға, себезгі бөлмелеріне, тұратын орындарындағы, медициналық мақсаттағы үй-жайлардағы қолжуғыштарға, сондай-ақ ас блогындағы араластырғыш қондырғысы бар қажетті технологиялық жабдықтарға тартылады. Объектілерде ауыз су режимі ұйымдастырылады. Ауыз су, оның ішінде сыйымдылықтарға (графиндерге, шәйнектерге) өлшеп-құйылған және бөтелкедегі су сапасы мен қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша нормалау құжаттарының талаптарына сәйкес келуі тиіс. Балабақшаның барлық бөлмелерінде қолайлы ауа температурасы мен жеткілікті жарық болуы керек. Үй-жайлардағы ауа температурасын бақылау термометрлердің көмегімен жүзеге асырылады. Мектепке дейінгі ұйымның барлық үй-жайлары күн сайын желдетілуі керек. Өтпелі немесе бұрыштан желдету балалар болмаған кезде жүргізіледі. Өтпелі желдету дәретхана үй-жайлары арқылы өткізілмейді.
Ойын жабдықтары, жиһаздар балалардың жасына сәйкес келуі және балаға зиянды әсер етпейтін және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, дымқыл тазалау мүмкіндігін көздейтін материалдардан жасалуы тиіс. Пайдаланылған ойыншықтарды күн сайын жуу құралдарын қолдана отырып күннің соңында жуады. Жұмсақ ойыншықтарды пайдаланғаннан кейін күннің соңында ойыншықтан кемінде 25 см қашықтықта 30 минут бойы бактерицидті сәулелегіштермен дезинфекцияланады.
Шешінетін бөлмелер балалар мен қызметкерлердің сыртқы киімдеріне арналған шкафтармен жабдықталады. Балаларға арналған жиһазды таңдау балалардың өсуін ескере отырып жүргізіледі. Жатын бөлмелерде жеке стационарлық кереуеттер болуы керек. Мектеп жасына дейінгі (3-6 жастағы) балалардың күндізгі ұйқысын стационарлық екі қабатты кереуеттерде, жататын жері қатты жиналмалы кереуеттерде немесе түрлендірілетін (қайырмалы, жылжытылатын, домалатып шығарылатын) кереуеттерде ұйымдастыруға жол беріледі. Бір жатын орынға кемінде үш төсек-орын жиынтығының болуы көзделеді.
Дәретханаларда балалар дәретханалары, қол жууға арналған жуғыш раковиналар, икемді шлангісі бар гигиеналық науа, балалар сүлгілеріне арналған жеке ұяшықтары бар қабырға немесе топсалы ілгіштер, шомылуға арналған ванналар, тұрмыстық шкафтар орнатылады. Дәретханада таза түбектер жеке таңбаланған ұяшықтарда сақталады.
Тамақтан уланудың алдын алу мақсатында ас блогында тоңазытқыш және технологиялық жабдықтардың, ыдыстардың, мүкәммалдың жеткілікті саны болуына, жуғыш және дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілуіне, алынатын өнімдердің сапасына, оларды сақтау шарттарына, дайындау қағидалары мен өткізу мерзімдеріне санитариялық қағидалардың сақтауына, жеке гигиена ережелерін сақтауына күнделікті бақылауды жүзеге асырады. Балабақшалардың барлық үй-жайлары мен жабдықтары таза ұсталуы тиіс.
Медицина персоналы емдеу-профилактикалық және сауықтыру іс-шараларын жүргізеді, сондай-ақ балалардың сырқаттанушылығын төмендетуге және денсаулықтарын нығайтуға бағытталған кешенді сауықтыру іс-шараларының жоспарын жасайды. (балалардың денсаулық жағдайын динамикалық бақылау, қатаю, сауықтыру және т.б. жүргізу).