Балалар денсаулығына дәрумендердің маңызы

Балалар денсаулығына дәрумендердің маңызы

     Дәрумен жетіспеушілігі – бұл ағзаның дәрумендермен аз қамтамасыз етілуінен туындаған жағдай. Авитаминоз – мырыш жетіспеушілігі, бери-бери және т.б. ауруларында туындайтын симтомокомплекске тән дамулармен ағзада дәрумендік ресурстардың толық таусылған кездегі жағдайы. Гиповитаминоз – аз спецификалық белгілермен (тәбеттің, жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі, шаршаудың жоғарылауы және т.б.) көрінетін ағзадағы дәрумендер қорының күрт, бірақ толық емес төмендеуі.

     Әсіресе дәрумендер тапшылығына балалар ағзасы сезімтал болып келеді. Дәрумендердің болмауы немесе жетіспеушілігі зат алмасу процесінің бұзылуына, физикалық және ақыл-ой қабілетінің төмендеуіне, ағзаның тез шаршауына алып келеді, балалардың өсуі мен дамуына теріс әсер етеді. Балалар жасындағы дәрумендердің жетіспеушілігі болашақта атеросклероз, гипертония, гипрелипидемия, семіздік, қант диабеті, остеопороз, подагра, кейбір қатерлі ісіктер сияқты аурулардың қалыптасуына әсер етуі мүмкін.

     Жекелеген дәрумендердің жетіспеушілігінің маңыздылығы мен орнын толтыру:

  - А дәрумені (ретинол) – майда еритін дәрумен, зат алмасуға көмектеседі, ақуыз синтезінің реттелуіне, тіс пен сүйектің қалыптасуына, майлардың шөгуіне, жаңа жасушалардың құрылуына қатысады. А дәруменінің жетіспеуінен иммунитет төмендейді (жиі жұқпалы аурулар), терінің құрғауы мен іріңді зақымдануы,  шаштың құрғауы мен түтігуі, блефарит, ксефтальмия, «тауық» соқырлық (науқас ымыртта және түнде көрмейді) дамиды. А дәрумені көп мөлшерде балық майында, бауырда болады. Кілегей, жұмыртқаның сарыуызы, сары май ретинолға бай. Өсімдіктердің ішінде сәбізде, асқабақта, саумалдықта, броккольда, шабдалыда, өрікте, сояда, бұршақта кездеседі.

  - В1 дәрумені (тиамин) – энергия тасымалдаушы майлар мен көмірсулардың      ақуыздардың өзгерісіне қатысады, жүрек-қан тамыр және жүйке, асқорыту жүйелерінің тұрақты және дұрыс жұмыс жасауына көмектеседі. Тиамин бауырда, жұмыртқада, нан мен жармаларда, жаңғақта көптеп кездеседі. Дәруменнің жетіспеуі салмақ жоғалтумен, әлсіздікпен, ауырсынулармен, бас миының зақымдануымен, жүрек ырғағының бұзылысы және жүрек жеткіліксіздігімен сипатталатын полиневриттің (бери-бери, күріш ауруы) дамуына ықпал етеді.

  - В9 дәрумені (фоли қышқылы) жүйке жүйесі мен сүйек кемігінің қалыпты жұмысына қажет. Дәруменнің жетіспеушілігінен әлсіздік, жүдеу, күйзеліс, ұйқысыздық, қимыл-қозғалыс бұзылып, парестезия, шала салдану, сал ауруы пайда болады. Ауыз қуысының шырышты қабықшасында жаралар туындауы мүмкін, шаш көмескіленіп, сынғыш бола бастайды. Дәрумен келесідей өнімдерде кездеседі:  бауырда, треска балығының бауырында, нанда, ірі бұршақта, ақжелкенде, саумалдықта, салатта, жуада.

  - В12 дәрумені (цианокобаламин) ақуыздардың, майлардың, көмірсулардың қайта өңделуіне қатысады, жүйке жүйесінің қызметі мен дамуын қамтамасыз етеді. Цианокобаламиннің тапшылығы жұлын және ми жұмысының нашарлауын тудырады, сенсорлық, қимыл-қозғалыс белсенділігінің жоғалуына әкеледі, психикалық бұзылулар шаршаудан, тітіркенуден, депрессия мен есеңгіреуден басталады, прогресске қарай психоз және әр түрлі психикалық аурулар пайда болуы мүмкін, ауру қайтымсыз. Бидай өскіні, бауыр, бүйрек, ет, балық, жұмыртқа, сүт өнімдері, ашытқы, ірімшік цианокобаламинге бай.

  - С дәрумені (аскорбин қышқылы) – суда еритін дәрумен, жоғарғы температурада жылдам өзгеріске ұшырайды, аскорбин қышқылына бай өнімдерден ас әзірлегенде оттегі мен жарықтың әсерінен сақ болу қажет. Ағзада С дәруменінің жетіспеушілігі әлсіздік, бозару, терінің құрғауы, тіс етінің қанауы, тістердің түсуі және қаусауымен, қызбамен сипатталатын қырқұлақ ауруының туындауына әкеледі, өлімге әкеліп соғуы мүмкін. Кептірілген итмұрын, қарақат, қызыл және қара бұрыш, ақжелкек, цитрустар, қымыздық, бүлдірген, шалғам, қарлыған, орамжапырақ, қызанақ, брокколь, манго, ақжелкен, шабдалы, өрік, алма, құрма, шырғанақ, шетен, сұлы, саумалдық, сырық, қауын аскорбин қышқылына бай.

  - Д дәрумені (эргокальциферол Д2, холекальциферол Д3) – майда еритін дәрумен. Ағзада кальций мен фосфордың сіңірілуін, олардың қандағы деңгейін  және тіс пен сүйек ұлпасына түсуін реттейді. Балалар ағзасында Д дәруменінің жетіспеушілігі емізулі және ерте жастағы балалардың ағзасындағы фосфор-кальций алмасу процесінің бұзылысымен сипатталатын рахит ауруына шалдықтырады. Д дәрумені жануартекті өнімдердің ішінде  сары майда, ірімшікте, басқа да сүт өнімдерінде, жұмыртқа сарыуызында, балық майында, уылдырықта кездеседі. Өсімдіктекті өнімдердің ішінде күнбағыс дәні, ақжелкен, қырықбуын, қалақай Д дәруменіне бай.

  - Е дәрумені (токоферол) – майда еритін дәрумен. Жасушалардың қоректенуін жақсартады, иммундық жүйені нығайтады, А дәруменінің сіңірілуіне көмектеседі. Өсімдік майында, бидайдың ұрығында, алмада, бадамда, жержаңғақта, дәнді дақылдарда, ірі бұршақта, жасыл жапырақты көкөністерде, кебекті нанда, жаңғақтарда, брюссель орамжапырағында, итмұрында, сояда көп мөлшерде кездеседі. Жануартекті өнімдердің ішінде жұмыртқада, бауырда, сүт және сүт өнімдерінде, сиыр етінде кездеседі. 

     Балада дәрумен жетіспеушілігінің алдын алу сапалы тамақ өнімдерімен толыққанды үйлестірілген рационды қамтамасыз етуге, сондай-ақ күндіз таза ауада серуендеуге бағытталуы тиіс.