Қатты тұрмыстық қалдықтарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

Қатты тұрмыстық қалдықтарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

    Қалдықтар дегеніміз – тікелей қолдану орны жоқ және оны өңдеудің техника және экономика тұрғысынан тиімді технологиясы жоқ тастанды заттарды айтады.

     Қатты тұрмыстық қалдықтарға (бұдан әрі – ҚТҚ) қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің м.а. 2020 жылғы 25 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-331/2020 «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» бұйрығында көрсетілген.

     ҚТҚ-ны шығаруға қойылатын негізгі санитариялық-эпидемиологиялық талаптар:

  1. Елді мекендерде (тұрғын үй қорының, ұйымдардың, мәдени-бұқаралық мекемелердің, демалыс аймақтары аумақтарында) көлік кіретін жерлері бар, қалдықтарды жинауға арналған контейнерлерді орналастыру үшін арнайы алаңдар бөлінеді. Алаңға қатты жабын жабылады және үш жағынан қалдықтардың желмен таралу мүмкіндігін болдырмайтын биіктікте, бірақ кемінде 1,5 м биіктікте қоршайды;
  2. ҚТҚ-ны жинау үшін абаттандырылған тұрғын үй қорында контейнерлерді қолданады, жеке үй иеліктерінде қақпағы бар еркін конструкциядағы ыдыстарды пайдалануға жол беріледі;
  3. Субъект (ҚТҚ контейнерлерінің меншік иесі) контейнерлерді пайдаланатын халықтың санына, қалдықтардың жиналу нормаларына, олардың сақталу мерзіміне байланысты орнатылатын контейнерлердің санына жүргізілген есептеуді ескере отырып орналастырады. Контейнерлердің есепті көлемі қалдықтардың іс жүзінде жиналуына сәйкес келеді;
  4. ҚТҚ-ны шығару уақтылы жүзеге асырылады. Контейнерлерде қалдықтарды сақтау мерзімі 0оС және одан төмен температурада үш тәуліктен, температура плюс болғанда бір тәуліктен аспайды.

     Сонымен қатар Жамбыл облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бақылауында 143 қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигондар бар.

     Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шiлдедегi № 360-VI ҚРЗ «Халық денсаулығы жəне денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің (бұдан əрі – Кодекс) 19-бабы 1-тармақ, 1-тармақшасына сəйкес, эпидемиялық мəні жоғары объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сəйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды Денсаулық сақтау саласында рұқсат беру құжаттары болып табылады делінген. Осыған орай, аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларымен Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 463-бабының 1-бөлігіне сай, əкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 43 әкімшілік хаттама толтырылып сотқа жолданды.

    Жалпы облысымызда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын талаптар Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бақылауында болады.