Құтырма ауруы – аса қауіпті дерт!

Құтырма ауруы – аса қауіпті дерт!

   Құтырма - жедел өтетін, жануарлардан жұғатын вирустық ауру.

   Құтырма індеті - Дүние жүзінде және Қазақстанда күрделі мәселелердің бірі болып табылады, бұл індет 150 – ден астам елде тіркелуде. Жыл сайын Дүние жүзінде құтырма індетінен 55 мыңдай адам қайтыс болады екен, яғни орташа есеппен - әр 10 минутта 1 адам құтырмадан қайтыс болады деген сөз.

   Індеттің көзі - жабайы аңдар мен үй жануарлары. Бұл індет адамға, ауырған жануарлардың тістеуі, тырнауы және сілекейі арқылы жұғады.

   Жамбыл облысында 2022 жылы адамдар арасында құтырма індеті тіркелген жоқ.  Облыс бойынша жануарлардың тістеуінен, тырнап, сілекейленуінен зардап шегіп, медициналық көмек сұрап 3433 адам қаралды, 100 мың тұрғынға шаққанда көрсеткіш 299,2 құрады. Қаралған адамдардың барлығына уақытылы антирабиялық екпелер тағайындалып, бүгінгі күні толығымен (100 %) екпе курстарын алды. Осы тұлғаларға құтырма індетіне қарсы, алдын ала екпе жасаудың арқасында, індеттің алдын алуға қол жеткізілді, алайда жануардан зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінбегендер саны белгісіз, оған дәлел облысымызда соңғы 2012 – 2016 жылдары аралығында (2012ж. - 1 жағдай Тараз қаласы; 2013ж. - 1 жағдай Жамбыл ауданы; 2014ж. - 1 жағдай Байзақ ауданы; 2016ж. - 1 жағдай Тараз қаласы) жануардан зардап шегіп медициналық көмекке жүгінбеген 4 адамның қайтыс болуы.

   Індет жұқтырған сәттен аурудың алғашқы белгілерінің біліну мерзімі инкубациялық кезең деп аталады. Бұл кезең 10-нан 90 күнге дейін, сирек жағдайда 1 жылдан артық уақытқа созылады. Мұндай жағдайдың болуы әртүрлі себептерге байланысты: қай жерінен тістегеніне (тістелген жарақат бас пен қолда болса - инкубациялық мерзім қысқа, аяқта болса ұзақ); аурудың жасынада байланысты (балаларда - инкубациялық мерзім қысқа, ересектерде ұзақ).

   Алғашқы белгілеріне тоқтала кетсек: тістеген жеріндегі жазылып кеткен жара орны қайтадан қызарып қызады, солқылдап ауырады, қышиды, науқаста қорқыныш сезімі пайда болады, мазасы болмайды, ұйқысы бұзылады, дыбыс пен жарыққа тітіркену күшейеді, үреймен ашушаңдық пайда болады.

   Қазіргі таңда құтыру ауруын емдейтін арнаулы ем жоқ, клиникалық белгілері байқалса, науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін емес, 100 % қайғылы аяқталады.

   Облыстық ветеринариялық зертханасының мәліметі бойынша 2022 жылы 21 бас ауылшаруашылық малдары мен үй жануарлары құтыру індетіне күдікті болып тексерілген, оның ішінде Шу ауданында құтырудың дәлелденген 1 жағдайы 4,7 %, (1 бас МІҚМ) тіркелген. Яғни, құтыру індеті кез келген уақытта облыс тұрғындары арасында тіркелуі мүмкін. Сондықтан үй жануарларынан немесе жабайы хайуандардан зардап шексеңіз, тістеген жерді сабындап жуып тазартып, міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз.

   Тістеген хайуан ауру болған жағдайда, әр сағаттың өзі маңызды және дәрігер тағайындаған  профилактикалық егу курсын толық алған жағдайда ғана өзіңізді бұл аурудан сақтайсыз.

   Аудандарда құтыру ауруына қарсы алғашқы медициналық көмек:

- аудандық емханаларда, ал демалыс күндері аудандық орталық ауруханаларда жасалады.

   Тараз қаласында құтыру ауруына қарсы алғашқы медициналық көмек:

- 15 жасқа дейінгі жас өспірімдерге облыстық балалар ауруханасының жарақат пунктінде (Тараз қаласы, «Бәйтерек-1» мөлтек ауданы) жасалады.

   Әрі қарай келесі екпелер жергілікті емханаларда жасалады.

- 15 жасқа толған жас өспірімдер мен ересектерге №1 қалалық аурухананың жарақат пунктінде (Тараз қаласы, «Астана» мөлтек ауданы) жасалады.

   Жарақат пункттері демалыссыз 24 сағат бойы жұмыс істейді. Құтыруға  қарсы  барлық медициналық көмек ақысыз көрсетіледі.