Қотыр жұкпалы паразиттік тері ауруы. Оны қотыр кенесі қоздырады. Кененің ұзындығы 1/3 миллиметр болып келеді. Қотыр кенесінің ұрғашысы терінің үстіңгі қабатын тесіп жол салады, олардың әрқайсынына 20-50 жұмыртқа тастап кетеді. Шамамен 50-100 сағаттан кейін нимфалар және толық жетілген кене пайда болады. Қотыр кенесінің даму циклі 2-3 апта.
Қотыр ауруы адаммен тікелей қарым қатынас жасаған кезде (қол алысқанда, жанасқанда) немесе ол пайдаланған заттар (төсек, іш киім, сырт киім, сүлгі, қолғап, ойыншықтар және т.б.) арқылы жұғады. Сонымен қатар, қотыр ауруы үй жануарлары (мысықтар, иттер, қояндар, шошқалар, сиырлар, аттар) арқылы жұғуы мүмкін.
Аурудың инкубациялық кезеңі – орташа 7-10 күн, бірақ 1-1,5 айға созылуы да мүмкін. Қотырдың негізгі белгісі – терінің қышуы, ол кешке, әсіресе түнде адамға ұйқы бермей мазалайды. Өйткені қотыр кенесі түнде қозғалғыш келеді, ол терінің үстіңгі қабатымен жылжуы теріні қышытады. Теріде біртіндеп майда түйін мен көпіршік тәрізді бөртпе пайда болады. Қотырдың өзегі мен бөртпесі көбіне саусақтардың ішкі жағында, кеуденің, іштің, белдің, бөксенің терісінде, жанбастың ішкі жағында пайда болады.
Қотыр бөртпелері балалардың аяқбасының ішкі жағына, табанына, алақанына, бетіне шығады. Қотырмен ауырған науқастар зақымданған жерін қасып, ол жерге көбіне ірің тудыратын микроорганизмдер енгізіп алады. Сондықтан қотыр кейде асқынған кезде іріңді бөртпелерден басқа сыздауықтар шығуы мүмкін.
Қотырдың пайда болғанына зәредей күдік туысымен дәрігерге қаралып, дер кезінде медицина қызметкерлерінің бақылауында арнайы дәрі – дәрмектермен емделген дұрыс. Отбасы мүшесінің біреуі қотырмен ауырған болса, толық жазылғанша оған жоламаған дұрыс. Ал өзіңіз профилактикалық тексеруден өту үшін медицина мекемесіне қаралыңыз.
Оқушылар мен мектеп жасына дейінгі балаларда қотыр пайда болса, оларды емдеу, сондай-ақ олармен бірге болған балаларды тексеру кезеңі ішінде мектепке немесе балалар мекемесіне баруға тыйым салынады. Тек профилактикалық – емдеу шараларын өткізгеннен кейін (дәрігерден анықтама болған кезде) ғана оларды өз коллективіне жіберуге болады.
Үй жағдайында ауруды қотырдан емдеу кезінде дезинфекция жасау қажет. Науқастың пайдаланған заттарын соданың 1-2 проценттік ертіндісімен жуу керек. Қотырды жұқтырып алмас үшін қолды жиі-жиі сабындап жуып, апта сайын ванна, душ қабылдап, дененің таза болуын қадағалау қажет. Үйге жабайы мысықтар мен иттерді жолатпаңыздар. Жеке бас гигиенасының ережелерін сақтау қотырды жұқтырып алудан сақтандыратыны естеріңізде болсын.