
Миллиондаған адам алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, бала тәрбиелеп жатқанда, еліміздің санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы жолында күн сайын тер төгіп жүрген жандар бар. Олар – санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары. Осы сала мамандарына құрмет көрсету, халық денсаулығын қорғау жолындағы елеулі еңбегі мен кәсіби жетістіктерін атап өту мақсатында 2026 жылғы 18 қыркүйек күні Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Жамбыл бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, Ұлттық сараптама орталығының филиалы және обаға қарсы күрес станцияларымен бірлесіп, 300-ге жуық қызметкер мен 50 сала ардагерінің қатысуымен «Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерінің күніне» арналған салтанатты іс-шара өткізді.
Салтанатты іс-шараның шымылдығын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары С.Ж. Сәлемов пенЖамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Б.С. Шиналиев құттықтау сөздерімен ашты.
Саладағы жауапты әрі маңызды еңбегі үшін бірқатар мамандарға Жамбыл облысы әкімінің, облыстық мәслихаттың және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық наградалары мен марапаттары табысталды.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын жауапты сала. Осы бағытта еңбек етіп жүрген барша мамандарға қажырлы еңбегі, жоғары кәсібилігі және ел игілігі жолындағы адалдығы үшін алғыс білдіреміз.