Ерекше бақылау және қадағалаудағы білім беру және тәрбиелеу объектілеріне мониторинг жүргізу тәртібі

Ерекше бақылау және қадағалаудағы білім беру және тәрбиелеу объектілеріне мониторинг жүргізу тәртібі

Ерекше бақылау және қадағалау субъектісі (объектісі) – бұл балаларды тамақтандыруға, тұруына, медициналық көмек алуына, білім алуына, тәрбиеленуіне, сауықтырылуына мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік бақылау және қадағалау субъектісі (объектісі). Мұндай объектілерге мемлекеттік бақылау және қадағалау жоспарлы және жоспардан тыс тексеру, тергеп-тексеру, ерекше бақылау және қадағалау объектісіне бару арқылы мониторинг жүргізу нысандарында жүзеге асырылады.

Мониторинг ерекше бақылау және қадағалау объектісін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтау тұрғысынан зерттеу болып табылады, оларды бұзу мониторинг жүргізуге негіз болады. Мониторинг әкімшілік іс қозғамай жүзеге асырылады.

Мониторинг Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің шешімі негізінде:

1) Қазақстан Республикасы Президентінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің және олардың орынбасарларының тапсырмасы болған жағдайда

2) уәкілетті органның бірінші басшысының тапсырмасы бойынша:

- жаппай инфекциялық және инфекциялық емес аурулар (уланулар) анықталған жағдайларда;

- интернаттық ұйымдардың, білім беру ұйымдарының, балаларға арналған санаторий-курорттық және сауықтыру ұйымдарының қызметтер көрсету басталғанға дейін және оларды көрсету кезеңінде қызмет көрсетуге дайындығын бағалау қажеттігі туындағанда;

- балаларға медициналық қызмет көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында санитариялық-профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралардың уақтылы жүргізілуін бағалау қажеттігі туындағанда жүргізіледі.

Мониторинг жүргізу мерзімі он жұмыс күнінен аспауға тиіс және басшының шешімімен 10 жұмыс күніне ұзартылуы мүмкін.

Мониторинг жүргізудің басталуы ерекше бақылау және қадағалау субъектісіне (заңды тұлғаның басшысына не оның уәкілетті адамына, жеке тұлғаға) мониторинг жүргізу туралы шешімнің көшірмесі тапсырылған күн болып есептеледі. Мониторинг жүргізу туралы бір шешім аясында ерекше бақылау және қадағалау объектісі бір реттен артық мониторингке жатпайды.

Тексеру немесе мониторинг мерзімінің аяқталуы ерекше бақылау және қадағалау субъектісіне тексеру немесе мониторинг нәтижелері туралы акт тапсырылған күн болып есептеледі.

Тексеру немесе мониторинг нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, ерекше бақылау және қадағалау субъектісінің басшысы немесе оның өкілі ескертулерді және (немесе) қарсылықтарды жазбаша түрде баяндайды.