
Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен оның аумақтық басқармаларының қызметіндегі басым бағыттардың бірі – балалар ұйымдасқан ұжымдарында санитариялық-эпидемиологиялық қолайлылықты қамтамасыз ету, ішек инфекциялары мен тағам арқылы таралатын жаппай аурулардың алдын алу болып табылады.
Балалар ұйымдасқан ұжымдарына балалар мен жасөспірімдер тәулігіне төрт сағаттан артық немесе тәулік бойы болатын, тұрмыс, тамақтану, оқу, тәрбие және медициналық қызмет көрсету жағдайлары бірдей білім беру және тәрбиелеу ұйымдарының контингенті жатады.
Ұйымдасқан ұжымдардағы балалар тамақтануының негізгі қағидаттары: толыққанды болуы, теңгерімділігі және қауіпсіздігі. Тағамнан уланудың алдын алу үшін тағамды дайындау, сақтау, тасымалдау және өткізуге қойылатын санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы талаптарды сақтау маңызды. Тағам өнімдерінің жарамдылық мерзімдері мен сақтау шарттары, өндіруші белгілеген және өнімнің қаптамасында немесе оның шығу тегі, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарда көрсетілген талаптарға сәйкес сақталуы тиіс.
Мәзірді ұйым басшысы әзірлеп, бекітеді. Балалар мен жасөспірімдердің рационында витаминді-минералдық кешендермен байытылған тағам өнімдері қарастырылады. Тағам өнімдері немесе дайын тағамдар болмаған жағдайда олар химиялық құрамы бойынша тең баламалы басқа өнімдермен табиғи алмастыру нормаларына сәйкес ауыстырылады. Күн сайын тағамды тарату алдында дайын тағамдардың сапасына органолептикалық бағалау жүргізіліп, нәтижелері журналға тіркеледі.
Техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін, сапасыздық белгілері бар, ілеспе құжаттары, таңбалануы, ветеринариялық сәйкестендіру белгілері жоқ, жарамдылық мерзімі өткен, тағаммен жанасуға арналмаған қаптамадағы, ашылған, жәндіктер мен кеміргіштердің іздері бар, тасымалдау және сақтау шарттары бұзылған, сондай-ақ құрамында қолдануға тыйым салынған тағамдық қоспалары бар өнімдерді қабылдауға, пайдалануға, сақтауға, тасымалдауға және өндіруге жол берілмейді.
Сондай-ақ су құстарының жұмыртқаларын, қабығы лас немесе зақымдалған жұмыртқаларды, жануарлар мен құстар арасында ауру тіркелген шаруашылықтардан алынған сүт, сүт өнімдері мен жұмыртқаларды, өнім бермейтін жануарлардан алынған өнімдерді, өнеркәсіптік емес (үй жағдайында дайындалған) консервілерді және герметикалығы бұзылған консервілерді қабылдауға және пайдалануға тыйым салынады.
Балалар ұйымдасқан ұжымдарында ет қалдықтарынан дайындалған тағамдарды, консервілерді, кептірілген және қақталған балықты, кептірілген саңырауқұлақтарды дайындауға, табиғи кофені, сірке суын пайдалануға жол берілмейді. Сонымен қатар қатық, сүзбе, айран, фарш салынған құймақтар; флотша макарон; зельцтер мен паштеттер; кремі бар кондитерлік өнімдер; тұтынушылық қаптамадағы тәтті өнімдер (шоколад, кәмпит, печенье, халва, мармелад, пастила); морс, квас; терең майда қуырылған тағамдар; шала піскен жұмыртқа және қуырылған жұмыртқа; күрделі (төрттен астам құрамды) салаттар, қаймақ пен майонез қосылған салаттар; окрошка; тез дайындалатын құрғақ концентраттардан жасалған бірінші және екінші тағамдар; газдалған, емдік және емдік-асханалық минералды сулар, тәтті алкогольсіз сусындар, энергетикалық сусындар, концентрацияланған шырындар (қаптамадағы ауыз су мен минералды судан басқа); фаст-фуд өнімдері (гамбургер, хот-дог, пицца, наггетс, чипсы, дәмдік қоспалары бар кептірілген нан өнімдері); ащы тұздықтар, кетчуп, өткір дәмдеуіштер (бұрыш, желкек, қыша) дайындауға және таратуға болмайды.
Балалар мен жасөспірімдердің тамақтануын дұрыс ұйымдастыру үшін қажетті жағдайларды жасау, жеткілікті тоңазытқыш және технологиялық жабдықтармен, ыдыс-аяқпен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, жуғыш және дезинфекциялық құралдардың болуы, өнімдердің сапасына, сақтау шарттарына, тағам дайындау ережелері мен өткізу мерзімдеріне күнделікті бақылау жүргізу, санитариялық талаптарды сақтау – балалар денсаулығын сақтаудың және тағамнан улану мен алиментарлық аурулардың алдын алудың кепілі болып табылады.