
2026 жылғы 27 наурызда Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Неили Муликованың төрағалығымен «Туберкулез инфекциясының қолданыстағы бұйрықтарының орындалуы» тақырыбында облыстық семинар өткізілді.
Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының ұйымдастыруымен өткен бұл шара онлайн және офлайн режимде ұйымдастырылды. Семинарға облыстың амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдарының туберкулезге қарсы қызметті үйлестіруші дәрігерлері, фтизиатрлар, иммунологтар, госпиталь эпидемиологтары және аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының мамандары, барлығы 180 медицина қызметкері қатысты.
Семинар барысында облыстағы туберкулез ауруының эпидемиялық жағдайы, балалар арасындағы аурудың алдын алу шаралары, дертті ерте анықтаудың маңызы мен диагностикалаудың жылдам әдістері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ инфекциялық бақылау шаралары, иммундаудың қауіпсіз практикасы, БЦЖ вакцинасын егу және Манту сынамасын жүргізу тәсілдері, екпеден кейінгі тіркелген асқыну жағдайлары мен қолданыстағы бұйрықтардың орындалу барысы сияқты өзекті мәселелер қарастырылды.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар өзара пікір алмасып, практикалық маңызы бар ұсыныстар мен кәсіби кеңестерді ортаға салды.