
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының базасында қоғамдық тамақтану объектілерінің өкілдеріне арналған қызмет көрсету сапасын арттыруға, санитариялық нормаларды сақтауға, заманауи стандарттарды енгізуге және тағамнан уланудың алдын алуға бағытталған дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге мейрамханалар, кафелер, асханалар басшылары мен өкілдері, сондай-ақ сала мамандары қатысты. Дөңгелек үстел барысында тағам өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелері, қолданыстағы заңнама талаптары қарастырылды.
Санитариялық-эпидемиологиялық талаптар, тағамнан уланудың алдын алу, өндірістік процестерді дұрыс ұйымдастыру, шикізат пен дайын өнімнің сапасын бақылау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар тағамнан уланудың пайда болу себептерімен, олардың алдын алу шараларымен, соның ішінде сақтау және тағам дайындау кезіндегі температуралық режимдерді сақтау, персоналдың жеке гигиенасы және айқаспалы ластанудың алдын алу талаптарымен танысты.
Спикерлер ретінде Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тамақтану объектілерін бақылау бөлімінің мамандары сөз сөйледі. Талқылау барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тәжірибелерімен алмасты.
Осындай іс-шараларды өткізу қоғамдық тамақтану саласының дамуына, нарық қатысушыларының кәсіби деңгейін арттыруға, тағамнан улану тәуекелдерін төмендетуге және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал етеді.