
Туберкулез – көптеген адамдардың өмірін қиды және қайтыс болу жағдайлары әлі де жалғасуда. Жыл сайын туберкулезден 2 млн.-ға жуық адам көз жұмады, ал 8млн.- нан аса адам осы аурумен ауырады. Туберкулез микобактерияларының организмге енуінен туберкулез жұқпалы ауруы пайда болады. Бұл аурудың жұқпалы екенін, неміс ғалымы Роберт Кох дәлелдеп берді. Ол алғаш рет қақырықтан туберкулез қоздырғышын тауып, анықтағандықтан Кох таяқшалары деп аталады. 1882 жылдың 24 наурызында Роберт Кох өзінің ашқан жаңалығы жөнінде баяндама жасады, сондықтан 24 наурыз Бүкілдүниежүзілік туберкулезбен күрес күні болып жарияланды. Жыл сайын елімізде 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында туберкулездің алдын-алу айлығы өткізіледі. Осы айлық кезінде мыңдаған адамдар халықаралық ұйымдар қолдауымен бүкіл жер жүзі халқы көңілін туберкулез мәселесіне аудару мақсатында акциялар, дөңгелек үстелдер, дәрістер, әңгімелер жүргізіп, баспасөз беттерінде мақалалар жариялайды.
Туберкулезді жеңуге болады, бірақ көп күш жұмсау керек. Біздің деніміз сау болғанымен, туберкулез бактериялары ағзамызда өмір сүреді. Туберкулез инфекциясы әр адамның организмінде өмір сүреді, адамның иммунитеті бірқалыпты болған жағдайда, микробтар көбеймейді, ауру қозбайды. Адам қолайсыз жағдайға түскенде, күйзеліс жағдайында болғанда, иммунитеті төмендеп, туберкулезбен ауыру мүмкіндігі арта түседі. Туберкулез жұқпалы ауру, туберкулез бактериялары ауа тамшылары арқылы ауру адамнан сау адамға жұғады. Аурудың көзі - туберкулезбен ауырған науқас. Туберкулез қоздырғыштары қоршаған ортаға науқас жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде таралады. Олар қоршаған ортада – киімде, жарығы жеткіліксіз, нашар желдетілетін бөлмелерде, әсіресе сыз тартқан бөлмелерде ұзақ уақыт сақталады, бірақ тіке түскен күн сәулесі әсерінен тез жойылады. Аз мөлшерде микобактерияларды жұту арқылы ауруды жұқтырып алуға болады. Туберкулез жұқпалы және өте қауіпті! Басқа жұқпалы аурулардан айырмасы ол аурудың созылмалы түріне ауысып, ауруды жұқтырушылардың санын арттырады. Ауру, тез арада басталмайды, ауруды жұқтырған уақыттан бастап, алғашқы белгілері білінгенге дейін бірнеше айдан бірнеше жылға дейін өтеді.
Көбіне туберкулез өкпені зақымдайтындықтан өкпе туберкулезі деп аталады. Сонымен қатар ағзаның басқа да бөліктерін: ми, сүйек, бүйрек, көз, лимфа бездерін зақымдайды. Ауру белгілері білінбей дамуы мүмкін. Туберкулезге тән белгілер: 2-аптадан аса жөтел, тәбеттің төмендеуі, салмақ жоғалту, түнгі тершеңдік, дене қызуының көтерілуі, кеуде тұсының ауыруы. Диагнозды Манту сынамасын жасау, рентгенологиялық және қақырықты тексеру арқылы қояды. байланыста болғандар да туберкулезге тексеріліп, фтизиатрдың бақылауына алынады. Дер кезінде анықталған туберкулез жақсы емделеді және үзбей емделгенде толығымен жазылады. Туберкулездің алдын-алудың негізгі шаралары: жыл сайын 1 жастан 15 жасқа дейінгі «тәуекел» тобындағы балаларға Манту сынамасын жасау, 15 жастан бастап барлық ересек адамдар тұрақты мекен-жайы, оқу және жұмыс орны бойынша флюорографиялық тексеруден өту. Жаңадан туылған нәрестелерді БЦЖ вакцинасымен егу. БЦЖ екпесін алған балалар туберкулездің ауыр формаларымен: туберкулезді менингит, таралған туберкулез, азырақ ауырады.
Туберкулез ошақтарында науқастың тұратын мекен-жайы мен оқу, жұмыс орнында індетке қарсы алдын-алу шараларын жүргізу. Ең негізгісі – әр адам өзін аурудан қорғай алатынын есінде сақтауы керек, ол үшін темекі шекпеу, арақ ішпеу, жаман әдеттерден аулақ болу. Дене шынықтырумен, спортпен шұғылдану, күйзеліске апаратын жағдайлардан аулақ болу. Организмнің қорғаныс қабілетін көтеру, таза ауада көбірек болу, созылмалы инфекциялар ошағын уақтылы емдеу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, санитарлық сауаттылық, құнарлы, дұрыс тамақтану, өз денсаулығы мен балаларының денсаулығына жауаптылықпен қарау - осының бәрі дені сау қоғамның басты кепілі.
Көбіне адамның иммунитетінің қалыптасуы оның қолданған тамағының сапасына байланысты. Егер сіз витаминдер мен микроэлементтерге бай тағамдармен тамақтанатын болсаңыз, сіздің организміңізде туберкулезге орын болмайды. Тамаққа белогы көп тағамдарды (ет, балық, тауық, жұмыртқа), сондай-ақ сүт тағамдарын, әсіресе сары май, сүт және ірімшікті қолданыңыз. Көкөністер мен жемістер организмнен зиянды заттардың бөлінуін тездетеді. Туберкулезбен ауыратын науқаспен немесе бейтаныс адаммен ыдыстарды ортақ пайдаланбаңыз. Жеке басы және қоғамдық тазалық ережелерін сақтау. Әр адамда сүлгі, беторамал, төсек орын, тарақ, тіс щеткасы бөлек болуы керек.
Ең бастысы, «өкпе туберкулезі» диагнозы қойылған жағдайда, уақытылы дәрігердің тағайындаған емін дұрыс қабылдап, тезірек бұл аурудан жазылуға күш салу керек.