Бруцеллёз туралы не білу керек

Бруцеллёз туралы не білу керек

Бруцеллёз — адамдар мен жануарларға ортақ жұқпалы ауру. Көбінесе ауыл шаруашылығы жануарларынан, сондай-ақ жануар өнімдерін тұтыну арқылы жұғады.

Бруцеллёз қайдан пайда болады

Адамдар үшін инфекцияның негізгі көздері ірі қара және ұсақ мал, сондай-ақ шошқалар болып табылады. Бруцеллёз қоздырғышы ет пен сүтте, әсіресе өнімдер жеткілікті термиялық өңдеуден өтпеген жағдайда ұзақ уақыт сақталуы мүмкін.

Жануарларда ауру әлсіздікпен, іш тастаумен, әлсіз немесе өлі төл туылуымен және қысыр қалуымен білінеді. Бруцеллёз қоздырғышы қоршаған ортаға, тек төлдеу уақытында ғана емес, сүтпен, зәрмен және нәжіспен бірге жыл бойы бөлінеді.

Адам қалай жұқтырады

Көбінесе адамдар ауруды:

  • ауру жануарларды күтіп бағу кезінде;
  • малды сою және ұшаны бөлшектеу барысында;
  • жүн қырқу кезінде;
  • жануарлардың бөлінділерімен ластанған заттармен жанасу кезінде;
  • жеткілікті термиялық өңдеуден өтпеген етті тұтыну кезінде;
  • қайнатылмаған сүтті, сондай-ақ шикі сүттен дайындалған сүзбе, ірімшік және басқа да өнімдерді тұтыну кезінде жұқтырады.

Аурудың белгілері

Ауру жіті немесе біртіндеп басталуы мүмкін. Көбінесе:

  • дене қызуының 39–40 °C-дейін көтерілуі;
  • қалтырау, қатты терлеу;
  • әлсіздік, тез шаршағыштық;
  • бұлшықеттер мен буындардың ауыруы, бас ауру белгілері байқалады.

Уақтылы емделмеген жағдайда бруцеллёз буындарды, жүрек пен жүйке жүйесін зақымдап, жылдар бойы сақталатын созылмалы түрге ауысуы мүмкін.

Өңірдегі жағдай

Қазіргі уақытта бруцеллёз Қазақстанның оңтүстік өңірінде, оның ішінде Жамбыл облысында өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Ауру ересектер мен балалар арасында тіркеліп, көбінесе ауыр түрде өтеді.

Өзіңізді қалай қорғауға болады

Бруцеллёздің алдын алу үшін:

  • жеке шаруашылықтарда жануарларды ұстау кезінде ветеринариялық-санитариялық ережелерді қатаң сақтау;
  • малды ветеринариялық мамандарға үнемі тексертіп отыру;
  • жануарларды күту барысында жеке гигиена ережелерін сақтау, мүмкіндігінше қолғап пен арнайы киім пайдалану;
  • жануарларды тек ветеринариялық құжаттары болған жағдайда ғана сатып алу;
  • ет пен сүт өнімдерін тек белгіленген сауда орындарынан сатып алу;
  • етті тұтынар алдында мұқият қайнатып немесе толық қуырып алу;
  • тек қайнатылған сүтті және өнеркәсіптік жолмен өндірілген сүт өнімдерін пайдалану;
  • ауру белгілері пайда болған жағдайда дереу дәрігерге қаралу, өздігінен емделмеу.

Есіңізде болсын: осы қарапайым ережелерді сақтау өзіңізді және жақындарыңызды бруцеллёзден қорғауға көмектеседі.