Жүзу сабақтарының ағзаға тигізетін пайдасы зор. Жүзу, кез-келген спорт сияқты, күнделікті проблемалардан арылуға және психологиялық жағдайды жақсартуға көмектеседі.
Жүзудің барлық артықшылықтарына қарамастан, қоғамдық бассейнге барудан денсаулыққа келетін қауіптерді елемеуге болмайды.
Бассейн суында санитариялық-эпидемиялық және профилактикалық іс-шаралар сақталмаған кезде инфекциялық (дизентерия, іш сүзегі, вирустық гепатиттер және т.б.) және паразиттік (энтеробиоз, аскаридоз және т. б.) аурулардың таралу факторы болуы мүмкін. Зең ауруларының таралуы да мүмкін.
Қауіпті бактериялар бассейндердің суында ғана емес, сонымен қатар қабырғаларда, едендерде және бассейннің бөлмелерінің беттерінде де болуы мүмкін. Жылы және ылғалды орта, терлейтін және шомылатын адамдардың терісінің бөлшектері - олар үшін өте қолайлы қоректік орта. Сондықтан бассейнге бірінші рет барған кезде тазалыққа және бөлмені тазартуға, дезинфекциялау әдістеріне назар аударған дұрыс. Егер сіз жағымсыз иіс сезсеңіз, шүмектер мен душтың кабинасында дақтар және т.б.,— тазалаудың нашарлығынан және дезинфекцияның жеткіліксіздігінен қауіпті бактериялар пайда болуы мүмкін.
Жүзу бассейндеріне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 26 шiлдедегi № ҚР ДСМ-67 бұйрығымен бекітілген «Коммуналдық мақсаттағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен регламенттеледі.
Бассейн үй-жайларының ішін жоспарлау келушілер (шешіну-киіну орны-себезгі бөлмесі-бассейн ваннасы) жүріп-тұру реттілігін қамтамасыз етеді. Айналма жолдар, бассейннің қабырғалары мен түбінің жабын материалдары оларды тазалау және дезинфекциялау мүмкіндігін қамтамасыз етеді, қолданылатын химиялық реагенттер мен дезинфекциялау құралдарының әсеріне төзімді болады.
Бассейннің үй-жайлары мен бассейн ыдысын күн сайын жинау жұмыс күнінің соңында, егер қажет болса, ауысым арасындағы үзіліс кезінде жүргізіледі. Үй-жайларды жинаумен қоса айналма жолдарды, еденді, орындықтарды, кілемшелерді, есік тұтқалары сияқты жерлерді дезинфекциялау жүзеге асырылады.
Сонымен қатар бассейнге келушілер де белгілі бір талаптарды орындаулары керек. Санитариялық ережелерге сәйкес бассейнде жүзумен айналысатын адамдар шомылу костюмін (плавки, шомылу киімі), ылғалға төзімді материалдан жасалған ауыстырылатын аяқ киімді, сүлгіні, резеңке бас киімді (бассейн ванналарының суын шашпен ластауды болдырмау үшін) пайдаланады, бассейн залына шығу алдында себезгі қабылдайды. Бассейнге келушілердің жеке гигиена қағидаларын сақтауын бақылауды бассейн әкімшілігі қамтамасыз етеді.
Санитариялық ережелерге сәйкес бассейн ыдыстарына жіберілетін су зарарсыздандырылады. Зарарсыздандыруға (хлорлану, бромдалу, озондалу, ультракүлгінді сәулелендіру) және ұқсас залалсыздандыру әдістері қолданылады.
Негізінен, бассейндердегі суды дезинфекциялау құрамында хлор бар дезинфекциялық заттармен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 сәуірдегі № 62 бұйрығымен бекітілген «Өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес бассейн әкімшілігі бассейн ыдысындағы судың сапасына, оның ішінде хлордың құрамына, ауаның жай-күйіне, микроклимат параметрлеріне өндірістік (зертханалық) бақылау жүргізуі тиіс.
Бассейндік судың сапасы және жабық бассейндердің негізгі үй-жайларының микроклиматының параметрлері санитариялық ережелердің талаптарына сәйкес болуы керек.
Жалпы, бассейн таңдағанда жауапкершілікпен қарап, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, сақтық шараларын орындаған жағдайда, басқа да қоғамдық орындарға барғандай, бассейндер қауіпсіз әрі денсаулыққа пайдалы болады.