
Өскемен қаласы, Сәтпаев даңғылы, 84 мекенжайы бойынша орналасқан «Fresh market» сауда-логистикалық орталығының аумағында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу кезінде ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Өскемен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының және «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК ШҚО бойынша филиалының мамандарымен бірлесіп «Қауіпсіз өнімді таңдаңыз» акциясын өткізуде.
Бұл акцияның негізгі мақсаты - халықты сатып алынатын өнімнің сапасы туралы, қауіпті тамақ өнімдерін сатып алған жағдайда олардың құқықтары жайлы хабардар ету.
Акция барысында барлық ниет білдірген сатып алушыларға тегін түрде сауда орталығынан немесе жәрмеңкеде сатып алынған өсімдік шаруашылығы өніміндегі шикізат пен дайын өнімнің микробиологиялық көрсеткіштерін, еттің сапасын, сүт пен сүт өнімдерінің қышқылдығын, аспаздық өнімдерді термиялық өңдеу сапасын анықтау үшін экспресс-тәсілмен зертханалық зерттеулер жүргізіледі.
Барлығы тамақ өнімдерінің 200 сынамасы зерттелді, оның ішінде: микробиологиялық көрсеткіштерге – 36 сынама, нитраттардың қалдық құрамына – 66, қышқылдыққа – 15, сапаны анықтауға – 44, термиялық өңдеу сапасына – 16, балғындықты анықтауға - 23. Барлық сынамалар бойынша зерттеу нәтижелері нормадан аспаған.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандарымен тамақтан уланудың, ішек инфекцияларының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Тұтынушыларға өнімнің жарамдылық мерзімі, құрамы, тағамдық құндылығы және температуралық режимі мен сақтау шарттары көрсетілетін таңбалануын зерделеу бойынша ұсыныстар беріледі.