
Күз мезгілі басталысымен республика бойынша және біздің облысымызда тұмауға қарсы вакцинациялау маусымы басталады. «2022-2023 жылдардың эпидемиялық маусымына арналған тұмау және ЖРВИ жөніндегі санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы» ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес осы жылы тұмауға қарсы вакцинациялау 1 қазаннан басталды. Бұл жедел респираторлық аурулар кезеңінде халықтың тұмауға қарсы тұрақты иммунитетін қалыптастыру үшін жасалады.
ДДСҰ ұсыныстарына сәйкес тұмауға қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың жалпы санының кемінде 10-40%-ын вакцинациялау қажет.
Шығыс Қазақстан облысында 2022 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасының 75 000 дозасы сатып алынды.
МСАК деңгейінде тұмауға қарсы иммундау жүргізу үшін 192 егу кабинеттері ұйымдастырылған. Вакцинация ақылы негізде және тегін жүргізіледі.
2022-2023 жылдардың эпидемиялық маусымы басталғалы (2022 жылғы 1 қазаннан бастап) ЖРВИ-дің 20 624 жағдайы тіркелді, 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттанушылық көрсеткіші – 2870, тұмаудың – 54 жағдайы тіркелді. ЖРВИ-мен ауырғандардың жартысын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды, яғни жалпы ауырғандар санының 56,2%-ы. ЖРВИ мен тұмаудың ауыр ағымымен және өлім жағдайлары тіркелген жоқ.
1 қазаннан бастап бүгінгі күнге дейін 81 939 адам екпе алды, оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 75 000 адам, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 6 044, ақылы түрде – 895 адам егілді. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 9 413 бала екпе алды.
Тіркелген жері бойынша емханада вакцинаны қатер топтарына жататын адамдар:
1) медицина қызметкерлері;
2) медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар;
3) балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйлерінің контингенті;
4) эпидемиологиялық көрсетілімдері бойынша жұқтыру қаупі жоғары, созылмалы аурулармен диспансерлік есепте тұратын адамдар тегін ала алады.
Сондай-ақ, тұмауға қарсы екпені тұрғылықты жері бойынша егу кабинеттерінде ақылы түрде алуға болады.
Тұмау – бұл инфекциялық вирусты ауру. Ауру науқас адамнан дені сау адамға ауа-тамшылы жолмен жұғады. Вирус сілекей мен шырыштың микробөлшектері арқылы жөтелгенде және түшкіргенде сыртқы ортаға таралады.
Тұмауды жұқтырған сәттен бастап аурудың белгілері пайда болғанға дейінгі уақыт бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін. Тұмаудың негізгі белгілері: әлсіздік, қатты бас ауруы, көз алмаларының қозғалысы кезінде ауырсыну, қалтырау, ауырлық дәрежесіне байланысты дене температурасының 38-40 градусқа дейін көтерілуі, бұлшықеттер мен буындардағы ауырсыну, көзден жас ағу, мұрынның бітелуі, тамақтың жыбырлауы, терлеу, жөтел. Аурудың ұзақтығы 5-10 күн аралығын қамтиды.
Тұмаудың белгілері пайда болғаннан бастап дереу үйге дәрігер шақырту қажет. Үй жағдайында өздігімен ем қабылдау қауіпті. Тұмау вирусты және бактериалды пневмония, отит, гайморит, менингит ауруларына, сонымен қатар септикалық асқынуларға әкеліп соқтыруы мүмкін. Өте ауыр жағдайларда жиі өліммен аяқталады.
2020 жылдан бастап жедел респираторлық инфекциялар мен тұмаудың маусымы коронавирустық инфекцияның таралуымен сәйкес келеді. Сондықтан денсаулықты алдын ала нығайтуға кеңес береміз.
Респираторлық инфекциялардың жаппай таралуы кезінде адамдар көп жиналатын жерлерге бармау ұсынылады, көбірек жаяу жүрген абзал. Әлеуметтік қашықтықты сақтап, бетперде тағып, қолды жиі жуып және антисептиктерді қолдану керек. Күнделікті тамақтану рационына «С» дәруменіне бай көкөністер мен жемістерді қосу қажет.
Есіңізде болсын, тұмаудың және оның асқынуларының алдын алудың сенімді әдісі – вакцинация. Тұмауға қарсы вакциналар қауіпсіз және тұмау мен оның асқынуларының алдын алуда жоғары тиімділікке ие.