
Жаңа оқу жылы да келіп жетті. Оқу жылының басталуымен оқушылар алдында жаңа білім мен оларды игерудегі қиындықтардың да кездесері сөзсіз. Көптеген оқу бағдарламаларының пайда болуына байланысты мектеп оқулықтары өзгеріп, түрлі форматтар мен түстерге ие болған. Оқулықтардағы беттер саны жылдан жылға артып, кітаптар ауырлай түскен. Оқулықтың ең жоғары салмағы талаптармен белгіленген нормативтерден аспауы тиіс: 1-4 сыныптар үшін 300г; 5-6 сыныптар үшін 400г; 7-9 сыныптар үшін 500г; 10-11 сыныптар үшін 600г. Барлық оқулықтар, оның ішінде қосымша білім беру материалдары әдемі және түсінікті ғана емес, сонымен қатар қауіпсіз болуы керек.
Оқу басылымдарына қойылатын барлық қауіпсіздік талаптары Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 28 мамырдағы № 299 шешімімен бекітілген санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын тауарларға қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптармен және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-124 бұйрығымен бекітілген оқулық басылымдарына қойылатын гигиеналық нормативтермен регламенттеледі. Баспа өнімдері органолептикалық, санитариялық-химиялық, гигиеналық қауіпсіздік талаптарына, мәтіннің қаріп дизайнына сәйкес келуі керек.
Оқу басылымдарына қойылатын негізгі гигиеналық талаптар қағаз бен полиграфиялық материалдардың, баспаның, жиынтықтың, форматтың, түптеудің сапасына қойылады. Салмақ және шрифтпен безендіруге қойылатын талаптар басылымның жеңіл оқылуы мен салмағының оқушы денесінің функционалдық мүмкіндіктеріне сай келуін қамтамасыз ету, оқу процесінде көзге жүктемені азайту, көздің және жалпы шаршаудың болдырмауы мақсатында қойылады. Оқулық басылымдарын дайындауға арналған қағаз баспа мәтінінің жақсы көрінуін қамтамасыз етуі тиіс. Оқулық басылымдары жеңіл оқылу және көру арқылы қабылдау ерекшеліктерінің талаптарына жауап беруі қажет. 1–сыныпқа арналған әліппелер, басқа да оқулық басылымдары әріптердің соңында кертілген таңбасы жоқ, негізгі және байланыстыратын штрихтар жуандығында аздаған айырмасы бар Әліппе, Әліпби немесе Журналдық түзу ашық жазылатын ұсақ гарнитурамен теріледі.
Оқулық басылымдарын түптеу аз ластанатын тығыз материалдан жасалуы керек. Иісі мен химиялық қауіпсіздігі белгіленген нормалардан аспауы тиіс. Оқу әдебиеті оған қойылатын талаптарға жауап берумен қатар, жас ұрпақтың денсаулығын сақтауды да қамтамасыз етуі керек. Шығыс Қазақстан облысының департаменті 2022 жылдың тамыз айында өнім қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу аясында қазақ мектептерінің 5-сыныбына арналған мектеп оқулықтарын бақылау мақсатында сатып алды. Барлығы 19 оқулық сатып алынды, оларды келесі қазақстандық баспалар шығарған: «Атамұра» корпорациясы» ЖШС (11), «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ (3), «Көкжібек-Горизонт» (2), «Дәуір» РПБК ЖШС (3). Сынамалар (оқулықтар) зерттеулер жүргізу үшін ҚР ДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК-ның Алматы қаласы бойынша филиалына жіберілді.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелері бойынша оқулықтардың қауіпсіздігін бұзушылықтар анықталған жоқ.