Мектеп формасын таңдау. Мониторинг нәтижелері және ата-аналар неге назар аударулары керек.

Мектеп формасын таңдау. Мониторинг нәтижелері және ата-аналар  неге назар аударулары керек.

Жыл сайын тамыз айында әр ата - ана үшін баланы мектепке дайындау, мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу сияқты жауапты кезең туындайды. Нарықта ұсынылған түрлі өнімдер ішінен қауіпсіз, ыңғайлы мектеп формасын қалай таңдауға болатынын және қалай қателеспеу керектігін біздің  келесідей ұсыныстарымыздан біле аласыздар.

Кеден одағының ТР ТС 007/2011 «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің талаптарына сәйкес мектеп формасы 2-қабат киімге жатады және күнделікті, салтанатты, спорттық болып бөлінеді. Ұлдар мен қыздарға арналған күнделікті мектеп формасына: пиджак, жемпір, жилет, шалбар, жейде, белдемше, сарафан, классикалық блузка жатады. Салтанатты форма ұлдарға ақ көйлекпен және қыздарға арналған ақ блузкамен толықтырылған күнделікті формадан тұрады. Ұлдар мен қыздарға арналған спорттық киімге спорттық костюм (спорттық шалбар, футболка), спорттық аяқ киім (кроссовкалар, кедалар) жатады.

Шығыс Қазақстан облысының санитариялық –эпидемиологиялық бақылау департаментімен өнім қауіпсіздігін мониторингтеу шеңберінде ағымдағы жылдың тамыз айында бақылау сатып алу барысында әр түрлі жастағы  (1-ден 11-сыныпқа дейін) балаларға арналған мектеп формасының 10 үлгісі (костюмдер, блузкалар, белдемшелер, жейделер және т. б.) Кеден одағының 007/2011 ТР ТС «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімнің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің талаптарына өнімнің сәйкестігіне санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу мақсатында іріктеп алынды.

Зерттеулерге Қырғызстанда «Azdek», «Madina», Қытайда «Daleros», Түркияда «Meybiy kids» сауда маркаларымен өндірілген мектеп формалары, сондай-ақ «Sasha WaWa» сауда маркасымен таңбалауда өндіруші ел көрсетілмеген форма алынды.

Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бойынша мектеп формасының барлық 10 сынамасы таңбалау бойынша талаптарға сәйкес келмейді деп танылды, оларда өндірушінің атауы мен орналасқан жері, бұйымның атауы мен түрі, өндірілген күні, қазақ және орыс тілдеріндегі ақпарат көрсетілмеген. Сәйкес келмейтін мектеп формасын өткізушілерге қатысты анықталған бұзушылықтарды жою туралы, оның ішінде талаптарға сәйкес келмейтін өнімді саудадан алып тастау туралы ұйғарымдар берілді.

Мектеп формасының бір сынамасы гигроскопиялық көрсеткішке сәйкес келмеген (Қырғызстан «Azdek» сауда маркасының «Мектеп костюмі» сынамасында ылғалды сіңіру қабілеті 2 есе төмен). Бұл көрсеткіш те, ауа өткізгіштігі сияқты, мектеп формасының сапасы мен қауіпсіздігінің маңызды көрсеткіштері болып табылады.

Егер бала күні бойы (орта есеппен 5-6 сағат, ал ұзартылған күнді ескеретін болсақ 8-9 сағат) осы көрсеткіштер бойынша талаптарға жауап бермейтін материалдардан тігілген мектеп формасын киіп жүретін болса, дененің жылу  балансының бұзылуына әкеліп соқтырады. Яғни бала дене қызуының көтерілуінен немесе төмендеуінен жиі суық тиіп ауруы мүмкін. Бала ыңғайсыздықты сезінеді және тез шаршайды, тері аурулары туындайды. Қатты және ыңғайсыз киім күйзеліс тудырады, жүйкенің тозуы мен бала үлгерімінің төмендеуі мүмкін.

Мектеп формасын таңдау кезінде ата-аналарға ең алдымен оның ыңғайлылығына назар аударуға кеңес береміз, ол баланың қозғалысына кедергі келтірмеуі керек, мөлшеріне сәйкес келіп, киген кезде ыңғайлы болуы қажет (матасы қатты, тікенекті емес, ылғалды жақсы сіңіріп, ауа өткізгіш болуы керек), сондықтан оқушыларға арналған киімді табиғи материалдардан таңдаған дұрыс. Киімнен өзгеше иіс шықпауы керек. Сатылатын мектеп формасының қауіпсіздігі ЕАС белгісі бар белгіленген нысан бойынша берілген  және берілген сәйкестік сертификаттары мен тіркелген сәйкестік туралы декларациялардың бірыңғай тізіліміне енгізілген сәйкестік сертификатымен расталуға тиіс. https://portal.eaeunion.org/).