Кене энцефалитінің алдын алу

Кене энцефалитінің алдын алу
Кене энцефалиті – жіті, табиғи ошақтық, жұқпалы ауру, науқастың орталық жүйке жүйесi зақымдалады, сал ауруына шалдығып, мүгедектікке ұшырайды, асқынған жағдайларда адам өліп те кетіуі мүмкін.
📌Аурушаңдық көктем-жаз мезгілдерінде тіркеледі, яғни кенелердің белсенді кезеңіне байланысты. Кене шағу қауіпі бойынша кезең сәуір айынан қыркүйек айына дейін созылады.
📌Кенелердің белсенділігі ауа-райына (ауа температурасына, ылғалдылыққа) тәуелді. Кенелер ауа температурасы +3-5ºС болғанда оянып, +15ºС –тан асқанда белсенділіктері арта түседі.
📌Адамдардың кене шағып, медициналық көмекке ең көп жүгіну кезеңі мамыр-маусым айларына тұспа тұс келеді, өйткені күннің жылынуы, кенелер үшін де адамдар үшін де қолайлы кезең болып есептеледі, яғни адамдар табиғат аясына дем алуға, саяжайларда, саябақтарда, демалыс базаларына көп барады. 📌Шығыс Қазақстан облысында кене энцефалитінің табиғи ошағы 9 қала мен ауданның аумағын қамтиды: олар Глубокое, Алтай, Катонқарағай, Самар, Үлкен-Нарын, Ұлан, Шемонаиха аудандары мен Риддер және Өскемен қалаларының маңайы.
📌ШҚО Санитариялық - эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының м.а. С.Слямғазина ауруды емдегенше, оның алдын алу әлде қайда арзан және тиімді екенін, сондықтан табиғат аясында серуендегенде, саяжайларда жұмыс істегенде, жазғы демалуды жоспарлағанда жеке басты кенеден қорғау шараларын қатаң сақтау - ең өзекті мәселелердің бірі болып табылатынын естеріңізге салады.
• табиғат аясына барғанда кенелер киімнің астына кірмеу үшін, жеңі ұзын көйлек киіп, жағасы мен жеңін түймелеп, етегін шалбарға, шалбардың балағын шұлыққа салыңыздар, ормелеп бара жатқан кенені тез байқау үшін киімнің ашық түсті болғаны дұрыс;
• кенелер денеге қадалып, оңтайлы жер іздейді, олар 1-1,5 сағат уақытты қажет етеді, сондықтан әр бір сағат сайын шаштың арасын, құлақтын тұсын, қолтық пен шаптың маңайын мұқият қарап, қадалған кене болса алып тастаған абзал;
• табиғатқа шығар алдында дененің ашық жерлеріне және киімге кенені жолатпайтын крем, лосьон, аэрозоль түрінде шығарылатын химиялық заттарды, яғни репелленттерді пайдалану керек. Оларды дәріханалар мен шаруашылық дүкендерден сатып алуға болады;
• орманға барғанда қалың шөбi, бұтасы аз, күннiң көзi көп түсетiн ашық жерлерге жайғасқан жөн, дем алатын жерді бұталардан, шөптер мен жапырақтардан тазарту қажет, солардың астында кенелердің өсіп, көбеюіне қолайлы жағдай туады;
• орманнан, демалыстан келген соң денелеріңізді, үйлеріңізге әкелген барлық заттарды, гүл шоқтарын, киім-кешектеріңізді, үй-жануарларын (ит, мысық) мұқият кенеге қараңыздар.
Дегенмен кене адамның денесіне жабысқан болса, жабысқан кенені өте мұқият алу керек, өйткені тұмсығы үзіліп, адамның денесінде қалуы мүмкін.
Сондықтан, кенені алғанда келесі ұсыныстарды орындау қажет:
• ең дұрысы пинцетпен кененің тұмсығынан қысып, болмаған жағдайда тұмсығына жақындатып жіпті байлап, ақырындап бұрап, кенені жұлып алу қажет.
• Кененің шаққан орнын йод ерітіндісімен немесе іспіртпен зарарсыздандыру керек;
• Кенені алып тастағаннан соң, қолды сабындап жуу керек;
• Кене шаққаннан соң 4 күннен кешіктірмей жергілікті медициналық мекемеге көмекке жүгіну қажет.
Шығыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлайды: ШҚО бойынша Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК филиалының аса қауіпті инфекциялар зертханасы базасында (мекенжайы: Н. Назарбаев даңғылы, 17) адам денесінен алынған кенеде кене энцефалиті вирусының бар-жоғын анықтау үшін серологиялық зерттеулер (иммуноферменттік талдау, полимеразды тізбекті реакция) жүргізіледі. Нәтиже теріс болған жағдайда иммуноглобулин енгізілмейді.
Теріден алынған кенелерді қабылдау жұмыс уақытында сағат 8:00-ден 16:42-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13:00-ден 14:00-ге дейін, 5-қабатта (аса қауіпті инфекциялар зертханасы) жүзеге асырылады.
Жұмыс уақытынан тыс, демалыс және мереке күндері кенені бас кіреберістегі күзет қызметіне тапсыруға болады. Қосымша сұрақтар бойынша: 8 (705) 752 79 67 телефонына хабарласуға болады.
Көктем-жаз мезгілінде демалыстарыңыз дұрыс өтсін десеңіз, кенеден қорғанудың қарапайым ережелерін сақтаңыз!