Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт: қоғам сенімі мен ашықтыққа негізделген бағыт

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт: қоғам сенімі мен ашықтыққа негізделген бағыт

Мемлекеттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты кезең-кезеңімен іске асыру жағдайында мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тиімді ішкі тетіктерін қалыптастыру ерекше маңызға ие. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы № 145-НҚ бұйрығымен заңдылық, ашықтық және есептілік қағидаттарын нығайтуға бағытталған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт бекітілді.
 Құжат «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2024 жылғы 31 желтоқсандағы № 285 бұйрығымен бекітілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды қалыптастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес әзірленді. Оның негізгі мақсаты — санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ұсынымдар жүйесін қалыптастыру.
Стандарттың негізін заңдылық, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау басымдылығы, жариялылық пен ашықтық, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығы сияқты базалық қағидаттар құрайды. Ерекше назар профилактикаға аударылған — сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысындағы басым бағыт ретінде қарастырылады.
 Құжатта мемлекеттік қызметшілердің жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыру кезіндегі мінез-құлық қағидалары нақты регламенттелген. Қызметкерлер өтініштерді уақтылы әрі сапалы қарауды қамтамасыз етуге, қызметтік әдеп нормаларын сақтауға, созбалаңға салуға және мемлекеттік қызмет көрсетуден негізсіз бас тартуға жол бермеуге міндетті.
Заңнамада көрсетілмеген қосымша құжаттарды талап етпеу, сондай-ақ өтініш берушілермен қызметтік емес байланыстарды барынша азайту қағидаты ерекше маңызды болып табылады.

Жекелеген бөлім басқарушылық қызмет мәселелеріне арналған. Басшылар жүктемені әділ бөлуге, бағынысты қызметкерлердің жұмыс нәтижелерін объективті бағалауға, мүдделер қақтығысын болдырмауға және сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін жағдайларды жоюға міндетті. Қызметкерлерге қатысты дөрекілікке, ар-намысты қорлауға және негізсіз айыптауларға жол берілмейтіні атап көрсетілген.

Стандартта шектеулер мен тыйымдардың егжей-тегжейлі тізбесі қамтылған. Мемлекеттік қызметшілерге қызметтік өкілеттіктерін жеке мақсатта пайдалануға, негізсіз артықшылықтар көрсетуге, сыйлықтар мен өзге де сыйақылар алуға, мемлекеттік қызметпен сыйыспайтын қызметке қатысуға тыйым салынады. Мүдделер қақтығысының алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді: қызметші оның туындағаны туралы дереу жазбаша түрде басшылықты хабардар етіп, оны реттегенге дейін өз міндеттерін орындауды тоқтатуға тиіс.

Сондай-ақ мемлекеттік мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге, бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға, қызметтік ақпарат пен мемлекеттік құпиялардың құпиялылығын сақтауға қойылатын талаптар бекітілген. Осылайша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған ішкі шектеулердің кешенді жүйесі қалыптастырылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт Шығыс Қазақстан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және оның аумақтық бөлімшелерінің барлық мемлекеттік қызметшілері үшін міндетті болып табылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты қабылдау және іске асыру — бұл формалдылық емес, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесіне азаматтардың сенімін нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Белгіленген нормаларды дәйекті сақтау мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, кәсіпкерлер мен азаматтардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік аппаратта сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Ашықтық, жауапкершілік және кәсіби әдеп — тиімді мемлекеттік қызметтің негізі және қоғамның тұрақты дамуының кепілі.

Егер сіз сыбайлас жемқорлық фактілеріне, оның ішінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқаты саласында тап болсаңыз, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Call-орталығына 1424 нөмірі бойынша хабарласа аласыз.