
Көктем-жаз мезгілінде жеміс-көкөніс өнімдерін, бақша дақылдарын және басқа да маусымдық өнімдерді сататын ұсақ бөлшек сауда объектілерінің саны артады. Сауда - көшелерде, ашық алаңдарда және уақытша нүктелерде жүзеге асырылады.
Уақытша ұсақ бөлшек сауда объектілеріне арнайы белгіленген орында орналасқан, бөлшек сауданы жүзеге асыратын стационарлық емес сауда объектілері жатады (дүңгіршек, шатыр, павильон, шығарылатын сөре, автомат, автодүкен).
Ұсақ бөлшек сауда объектілеріне қойылатын негізгі талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 4 тамыздағы № ҚР ДСМ-73 бұйрығымен бекітілген «Тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларында белгіленген.
Қазақстан Республикасының заңнамасына, сондай-ақ санитариялық қағидаларға сәйкес, ұсақ бөлшек сауда объектілерінің қызметін жүзеге асыру үшін эпидемиялық маңызы төмен объектінің қызметінің басталғаны туралы хабарламаны «e-License» базасы арқылы хабарламаларды қабылдайтын мемлекеттік органдарға жолдау қажет. Тиісті хабарлама жолданбай жеке және заңды тұлғалардың қызметті жүзеге асыруына жол берілмейді.
Ұсақ бөлшек сауда объектілеріне қойылатын талаптар.
Ұсақ бөлшек сауда объектілерінде тамақ өнімдерінің бір күндік қорын уақытша сақтауға арналған орын анықталады. Объектінің іргелес аумағында қаптаманы (ыдысты) сақтауға жол берілмейді.
Ұсақ бөлшек сауда объектісінде тамақ өнімдерін:
1) қапталған, өлшеп-оралған тамақ өнімдерін;
2) тоңазатқыш жабдығы болған жағдайда тез бұзылатын тамақ өнімдерін;
3) ыстық дайын аспаздық бұйымдарды изотермиялық немесе жылытылатын сыйымдылықтан өткізу жүргізіледі.
Ұсақ бөлшек сауда объектісінің сатушысы:
1) объектіні, іргелес аумақты таза ұстайды;
2) тамақ өнімінің қауіпсіздігін растайтын сәйкестікті бағалау (растау) туралы тауарға таңбалау, ілеспе құжаттар болған кезде оны қабылдау және өткізуді жүзеге асырады;
3) тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімдерін, сақтау және өткізу жағдайларын сақтауды қамтамасыз етеді;
4) тамақ өнімдерінің босату талаптарын сақтайды, босату кезінде сауда мүкәммалын пайдаланады;
5) тамақ өнімдерін ластанудан қорғайды;
6) таза арнайы киімді киеді;
7) жеке гигиена қағидаларын сақтайды;
8) жеке медициналық кітапшасының болуын қамтамасыз етеді.
Уақытша ұсақ бөлшек сауда объектілерінде гардеробтың орнына жеке заттарды сақтауға арналған орын бөлуге жол беріледі.
Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау – өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, сондай-ақ тұтынушылардың денсаулығын қорғаудың негізгі кепілі болып табылады. Осы талаптарды сақтамау инфекциялық аурулардың таралуына, өнімдердің бүлінуіне және басқа да жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін.