
Темір тапшылығы анемиясы — әлемдегі ең кең таралған қан ауруларының бірі. Халықтың бір бөлігі, әсіресе әйелдер мен балалар, ағзадағы темір жетіспеушілігіне тап болады. Аурудың кең таралғанына қарамастан, көптеген адамдар ұзақ уақыт бойы оның белгілерін байқамай, дәрігерге жүгінбейді.
Ағзадағы темір тапшылығы немесе темір тапшылығы анемиясы — бұл ағзадағы темір деңгейінің төмендеуімен сипатталатын патологиялық жағдай. Нәтижесінде қандағы эритроциттер мен гемоглобин деңгейі төмендейді. ДДҰ деректеріне сәйкес, әлемде 2 миллиардтан астам адам темір тапшылығынан зардап шегеді.
Темір тапшылығының пайда болуының ең жиі себебі — рационалды емес немесе теңгерімсіз тамақтану.
Темір тапшылығы анемиясының алдын алудағы негізгі стратегиялардың бірі — халық жиі тұтынатын өнімдерді, яғни ұнды дәрумендер мен минералдармен байыту.
Фортификация (байыту) — бұл ұн тарту кезінде ұнға аз мөлшерде дәрумендер мен минералдар қоспасын, яғни премиксті қосу процесі. Бұл өнімнің сапасы мен тағамдық құндылығын арттырады. Мысалы, бір тонна ұнға темір, мырыш, фолий қышқылы және В тобы дәрумендерінен тұратын 150 грамм қоспа қосылады. Қосылған элементтер өнімнің тағамдық сапасын жақсартады. Ал осы микроэлементтердің жетіспеушілігі ересектерде жүрек-қантамыр, иммундық, эндокриндік және жүйке жүйелерінің қызметіне кері әсер етеді. Сонымен қатар, жұмысқа қабілеттілік пен зияткерлік потенциалын төмендетеді. Балаларда бұл физикалық дамудың тежелуіне және инфекцияларға төзімділіктің төмендеуіне әкеледі.
Қазақстан Республикасында ұнды байыту мәселелерін реттейтін бірқатар нормативтік-құқықтық актілер қабылданған. Қазіргі таңда олардың бірі — «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» от 07.07. 2020жылғы № 360-VI ҚРЗ Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі-ҚР Кодексі). ҚР Кодексінің 116-бабының 3 тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұны құрамында темірі бар витаминдермен, минералдармен және басқа да заттармен міндетті түрде байытылуға (фортификацилау) жатады.
Ұн және нан-тоқаш өнімдерін таңдаған кезде оның сұрыбы мен сапасына ғана емес, сонымен қатар дәрумендер мен минералдармен байытылғанына да назар аудару қажет, бұл адам денсаулығы үшін өте маңызды.
Темірге бай өнімдерді, соның ішінде байытылған ұнды халықтың тұрақты және жаппай тұтынуы темір тапшылығы ауруларының таралуын айтарлықтай төмендетіп, халық денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді.
Өз денсаулығыңызды және жақындарыңыздың денсаулығын сақтаңыз!