Су тасқыны кезеңіндегі ауыз су қауіпсіздігі туралы

Су тасқыны кезеңіндегі ауыз су қауіпсіздігі туралы

Көктем мезгілінің келуімен су тасқыны кезеңі де жақындайды.
Су тасқыны  кезінде еріген қар суларымен бірге микробтық және химиялық ластану көздерінің суға түсу қаупі артады. Қатты жауын-шашын мен өзендердің арнасынан асуы су сапасының нашарлауына әкеледі.

Су тасқыны кезінде жер үсті және жер асты су көздері ластануы мүмкін. Өзендер мен көлдер тасуы нәтижесінде лай-балшық, жануарлардың нәжістері, түрлі қоқыстар түседі, сондай-ақ тұрғын үйлерді де су басуы мүмкін.

Жер бетіне жақын орналасқан жер асты су көздерінің , мысалы бұлақтар мен құдықтардың су сапасы, тасқын кезеңінде нашарлауы ықтимал. Судың  сапасы көбінесе су көзінің жабдықталуына және айналасындағы аумақтың санитариялық жағдайына байланысты болады.

Су басқан аумақтарда су тасқыны кезеңінде ауызсу ретінде бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдалану қажет.

Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелеріне жауапты ұйымдар қарқынды қардың белсенді еру кезеңінде ауыз судың микробтық ластану қаупін төмендету ушін профилактикалық шаралар жүргізеді.

Сонымен қатар халық орталықтандырылмаған су көздерін (бұлақтар мен құдықтарды) пайдаланады. Олар эпидемиологиялық тұрғыдан сенімсіз болып табылады.

Су тасқыны кезінде құдықтардың ластануы көбінесе топырақ бетімен келген лас судың құдық маңындағы қорғаныш қабатының бұзылуы, түйіскен жерлердің герметикалығының сақталмауы немесе құдықтың су астында қалуы салдарынан орын алады.

Құдықты тазалау

Алдын ала дезинфекциядан кейін 1,5–2 сағат өткен соң құдықтағы суды толық шығарып, қоқыс пен лайды тазалап, қабырғаларын механикалық жолмен тазалайды. Лайды 10% хлорлы әк ерітіндісімен өңдеп, кемінде 20 метр қашықтықта көміп немесе шығарып тастайды. Қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Содан кейін қабырғалар 5% хлорлы әк ерітіндісімен өңделеді.

Қайта дезинфекциялау

Құдық суға толғаннан кейін оның көлемі қайта анықталып, дезинфекциялау құралы енгізіледі (мысалы, «Акватабс» таблеткалары — 1 м³ суға 5 дана). Су 10 минут араластырылып, құдық 6 сағатқа жабылады. Қалдық хлордың болуы тексеріледі. Егер қалдық хлор анықталмаса, бастапқы мөлшердің 25–30%-ы қосылып, тағы 3–4 сағат ұсталады. Кейін суды хлор иісі кеткенше сорып шығарады.

Суды тек зертханалық бақылаудан кейін ғана пайдалануға болады. Қажет болған жағдайда тұрақты түрде залалсыздандыру (мысалы, құрамында хлор бар препаратпен дозалаушы патрон арқылы) жүргізіледі. Тұрақты химиялық ластану анықталған жағдайда құдық жойылуға жатады.

Ластанған ауыз суды пайдаланғанда қандай аурулар туындауы мүмкін? Оларды қалай анықтауға болады?

  1. Жедел ішек инфекциялары

Су тасқыны кезеңінде су арқылы берілетін бактериялық (іш сүзегі, паратиф, дизентерия) және вирустық (ротавирустық, норовирустық, аденовирустық, энтеровирустық инфекциялар, А және Е гепатиттері) ішек инфекциялары жиі кездеседі.

Көптеген ішек инфекциялары мынадай белгілермен басталады: құсу, жүрек айну, іштің ауыруы, іш өту, дене қызуының көтерілуі, қалтырау, әлсіздік, тершеңдік.

Су тасқыны кезеңінде адам мен жануарларға ортақ аурулар — туляремия, лептоспироз, сальмонеллез қаупі артады. Қоздырғыштар суға жануарлардың зәрі мен нәжісі арқылы немесе су басқан жерлерде жануар өлекселерінің ыдырауы нәтижесінде түседі.

  1. Сальмонеллез

Сальмонеллез жедел ішек инфекциясына тән белгілермен сипатталады: құсу, жүрек айну, іштің ауыруы, іш өту, дене қызуының көтерілуі, қалтырау, әлсіздік, тершеңдік.

  1. Лептоспироз

Лептоспироз қоздырғыштары (Leptospira тектес спирохеталар) суға көбінесе кеміргіштер сияқты жұқтырған жануарлардың зәрі арқылы түседі.

Лептоспироз сарғаюмен және сарғаюсыз түрде өтуі мүмкін. Екі жағдайда да дене қызуының жоғарылауы, бас ауруы, бұлшықет ауыруы байқалады. Сонымен қатар бауырдың ұлғаюы мен ауырсынуы, сарғаю, бүйрек зақымдануы (зәрдің азаюы), қан кетулер (мұрыннан қан кету, зәрде қан болуы, инъекция орнындағы қанталау, көздің ақ қабығындағы қан құйылулар, асқазан-ішектен қан кету) болуы мүмкін.

  1. Туляремия

Аса қауіпті инфекция, «кіші оба» деп те аталады. Негізгі инфекция көзі — кеміргіштер. Барлық клиникалық түрлеріне тән белгілер: дене қызуының 40°C-қа дейін көтерілуі, бас және бұлшықет ауыруы, қалтырау, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі.

Су тек адам үшін ғана емес, жануарлар үшін де қауіпті. Құтылу мақсатында жануарлар адамдарға жақындауы мүмкін. Мұндай жағдайда зооноздық инфекциялардың (әсіресе кеміргіштер арқылы таралатын) су, тағам, ауа-тамшы және тұрмыстық жолмен жұғу қаупі артады. Мысалы: геморрагиялық қызба бүйрек синдромымен (ГҚБС), иерсиниоз, листериоз.

Есте сақтаңыз

Инфекциялық ауру белгілері (дене қызуының көтерілуі, іштің ауыруы, құсу, іш өту, бөртпе шығу, тері түсінің өзгеруі, тыныс алу белгілері) пайда болған жағдайда өзін-өзі емдеумен айналыспай, мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгініңіз.

Су тасқыны кезеңінде сақтану шараларын сақтаңыз

  • шаруашылық мақсатта тасқын суын пайдаланбаңыз;
  • ауызсу мен тағам дайындау үшін тек бөтелкедегі немесе қайнатылған суды қолданыңыз;
  •  аула мен үйді тазалау жұмыстарын тек қолғаппен жүргізіңіз;
  • қолды сабынмен жуыңыз немесе антисептикпен өңдеңіз;
  • жемістер мен көкөністерді бөтелкедегі сумен мұқият жуып, қайнаған сумен шайыңыз;
  • тасқын су аймағында шомылмаңыз;
  • балаларға су басқан аумақта ойнауға рұқсат бермеңіз;
  • мүмкіндігінше бір рет қолданылатын ыдыс пайдаланыңыз, ал көп рет қолданылатын ыдысты мұқият жуып, қайнаған сумен шайыңыз;
  • таза ыдыс пен заттарды жабық, жәндіктер мен кеміргіштерден қорғалған жерде сақтаңыз;
  •  аумақта қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардың жиналуына жол бермеңіз;
  •  әжетханалар мен құдықтарды дезинфекциялау құралдарымен өңдеңіз;
  • жабайы жануарлармен байланыстан аулақ болыңыз;
  • тірі кеміргіштерді немесе олардың өлекселерін, ауыл шаруашылығы жануарларының өлекселерін қолмен ұстамаңыз және арнайы қызметтерге хабарлаңыз.

Алдын алу шараларын сақтау арқылы сіз аурулардың алдын алып, денсаулығыңызды қорғай аласыз.

Өзіңізді күтіңіз және сау болыңыз!