Емдік тамақтану

Емдік тамақтану
Емдік тамақтану – әртүрлі ауруларды емдеудің кешенді тәсілінің маңызды бөлігі болып табылады. Ол науқастың денсаулығын жақсартуға, ағзаның бұзылған қызметтерін қалпына келтіруге және зат алмасудың қалыпты деңгейін сақтауға бағытталған. Дұрыс тамақтану ағзаның қалпына келу процесін жеделдетеді, асқынулардың алдын алады және аурудың ағымын жеңілдетеді. Емдік тамақтануға қойылатын талаптар «Денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында тамақтану стандарттарын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 21.12.2020 жылғы №ҚР ДСМ-302/2020 бұйрығымен реттеледі.
Емдік тамақтану келесі қағидаттарға негізделуі тиіс:
- Емдік диета науқастың жасын, жынысын, физикалық белсенділігін, сондай-ақ аурудың ағымын және оның жалпы жағдайын ескеруі керек.
- Ас мәзірінде ағзаның барлық қызметтерін сақтау үшін ақуыздар, майлар, көмірсулар, дәрумендер, минералдық заттар мен судың оңтайлы мөлшері сақталуы қажет.
- Ауру түріне байланысты тамақтану белгілі бір ағзалар мен жүйелерге түсетін жүктемені азайтуға бағытталуы мүмкін.
- Емдік тамақтану әр науқастың жеке қажеттіліктерін, аллергияларын, қатар жүретін ауруларын және басқа да факторларды ескере отырып таңдалуы тиіс.
- Ас қорытуды жақсарту үшін көбінесе бөлшектеп тамақтану ұсынылады — яғни, күніне бірнеше рет аз мөлшерде тамақ қабылдау. Бұл әсіресе жиі тамақ қабылдауды қажет ететін науқастар үшін маңызды.