Адам өмірінің мәні – адал еңбек ету мен ел игілігіне қызмет жасау. Сол еңбектің қадірін ауылда, колхоз өмірінде жүрген жандар жақсы біледі. Осындай жандардың бірі – еңбек жолын мал шаруашылығына, соның ішінде сауыншылықпен бастаған Аскарова Мариям Әлібекқызымен таныс болайық.
Аскарова Мариям Әлібекқызы 1964 жылы 11 тамыз айында Күршім ауданы Буденовка ауылында туған. Өз ауылында мектепті бітіргеннен кейін Шірікаяқ ауылында сауыншы болып жұмыс жасап бастайды. Бір жылдан соң Алматы қаласындағы «Жетісу» аяқ-киім фабрикасына көмекші болып жұмысқа орналасады.
Көп ұзамай 1983 жылы туған ауылына келіп Күршім ауданындағы «Высокогор» совхозына сауыншы болып жұмысқа кіреді.
Совхоз өміріне етене араласып, мал шаруашылығына өз үлес қоса бастайды. Сауыншының еңбегі – ерте тұрып, кеш жатуды талап ететін ауыр жұмыс. Таң қылаң бере фермаға барып, сиырларды сауып, сүт қабылдау пунктіне тапсыру – күнделікті міндет. Жас маман ретінде «Алғыс хат», адам еңбегі үшін «Мақтау граммоталарымен» марапатталады. Колхоз жұмысында жүріп, Мариям апай тұрмыс құрады. Отағасының жұмыс бабасымен ауысып, Үлкен Нарын ауданындағы «А.Жданов» атындағы колхоздың сүт фермасында сауыншылық жұмысын жалғастырады.