Қазақ халқының маңдайына біткен алыбы, ақылшы-кемеңгері, ақыны Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналып, Абай облысында 10 күн бойында ұйымдастырылып, атқарылған іс-шаралардың Абай ауданындағы Қарауыл төбеде 9-10 тамыздарда шешуші мәрелік тойлануы өтті.
Мерелік тойлау шеңберінде тарихи көрмелер, Абай атамыздың өмір жолын баяндайтын театрландырылған қойылым, концерттік бағдарламар, ақындар айтысы, ат бәйгелері, теңге алу, қыз қуу ойындары, палуандар күресі, қыз-келіншектердің әсемдік сайысы өткізілді.
Облыс аудандары мен облыстың басты басқармалары мен мекемелерінің ағаш үйлері тігіліп, қонақтарға дастархан жасалып, ас беріліп, сый құрмет көрсетілді. Сол ақ қанатты қазақ үйлерінің ішінде, көштен қалмай, ел қатарлы қазақ үйлерін әріптестеріміз, Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұжымы да тігіп, ішін қазақтың ұлттық оюларымен безендіріп, қонақтарға дастархан жайып сый құрмет көрсетті. Маған ерекше әсер еткен жайттардың бірі – қызмет көрсетіп жүрген әріптестеріміздің киген күртешелерінде Департаменттің эмблемасының бейнеленуі. Бұл — мекемеге деген құрмет пен кәсіби бірегейлікті көрсететін маңызды деталь. Мұндай үлгі – ұйымшылдық пен тәртіптің жарқын көрінісі.Бұл барлығымызға үлгі алатын іс!
Күнделікті өмірде жай саламыздағы әріптес ретінде танып жүрген мамандарымыздың, қазақ қыздары мен әжелерінің ұлттық киімін киіп қонақтарды қарсы алғанын көргенде әріптестерімізді басқа жағынан танып, таңданғанымызды жасыра алмадық. Ашық жарқын қонақжай көңіл күймен мүшелеп тартылған ет, тәтті қымыз бен қазақтың бауырсағы мен қаймағы, құрты мен ірімшігі, сүт қатқан қою қара шайы келген қонақтарды дән риза қылды. Әріптестеріммен бірге, Департамент ұжымына қонаққа келген санитариялық-эпидемиологиялық қызметі саласының ардагерлері медицина ғылымдарының докторы, мемлекеттік және халықаралық наградалардың иегері К. Оспанов, бұрынғы Семей облысының бас санитариялық дәрігері, Семей қаласының құрметті азаматы Б.Чегедеков, бұрынғы Абай ауданының бас санитариялық дәрігері , Абай ауданының құрметті азаматы Т.Ерденбековпен жүздесіп, естеліктері мен ақыл кеңестерін, кейбір қызықты кезеңдерін естіп мәре-сәре болдық.
Осындай үлкен ұлы тойда көштен қалмай осы іс-шараларды ұйымдастырып, жоғары деңгейде атқарған әріптесіміз Ноғайбаев Нұржан Болатұлы басқарған Абай облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұжымының мамандарына үлкен ризашылығымды білдіремін!
Құрметті Әріптестерім! Осындай үлгілі істердің бастаушысы болып жүре беріңіздер!