2025 жылғы 25 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Т.Жігітаевтің төрағалығымен басқарманың кеңесі өтті.
Кеңес жұмысына өңірдегі барлық медициналық ұйымдардың басшылары мен ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлері қатысты.
Кеңес барысында ШҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары С.Е. Слямгазина “2025 жылдың алғашқы 5 айындағы ШҚО аумағындағы иммунопрофилактика жағдайының талдауы, проблемалық мәселелер және оларды шешу жолдары” тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамада облыстағы медициналық ұйымдар бөлінісінде Ұлттық егу күнтізбесі аясындағы вакциналаумен қамтудың төмен болу себептері айтылды.
С.Е. Слямгазина Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Марқакөл, Үлкен Нарын аудандары мен Риддер қаласының медициналық ұйымдары басшыларын халықты инфекциялық ауруларға қарсы вакцинациялау жұмыстарын белсенді және жоспарлы түрде ұйымдастырып, жүргізіп отырғаны үшін атап өтті. Аталған аумақтарда жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде халықты жоспарлы екпемен қамту бойынша нормативтік көрсеткіштерге қол жеткізілген және қызылша мен көкжөтел сияқты вакцинамен басқарылатын инфекциялар тіркелмеген.
Кеңес қорытындысы бойынша ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Т.Х. Жігітаев инфекциялық аурулардың алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында медициналық ұйымдар басшыларына нақты тапсырмалар берді.