«Жазғы лагерь көңілді»

«Жазғы лагерь көңілді»

Демалыстың көркі – лагерь. «Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерге барамыз», - деп оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары жазғы лагерлерге баруға асығады. Мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана–сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда дамуына, жетілуіне сапалы жазғы демалыс қажет. Сондықтан жазғы демалыс кезінде балалардың ағзасын сауықтыруға, эмоционалдық, жеке тұлғалық, танымдық тұрғыда дамытумен қатар бала денсаулығымен өміріне қауіпсіз жағдай жасаудың маңызы орасан. Балаларды жазғы сауықтыру лагерлерінің қызметі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2022 жылғы 10 тамыздағы «Балалардың сауықтыру және санаторий объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» №ҚР ДСМ-78 бұйрығының талаптарына сәйкес ұйымдастырылуы тиіс.
2023ж. жазғы сауықтыру лагерлері бойынша әлеуметтік желілерде сыни мақалалар көптеп жариялануына байланысты 2024ж. сол кемшіліктерге жол бермес үшін жеке кәсіпкерлер назарына және Түркістан облысы білім басқармасына аталған бұйрыққа сәйкес жұмыс жасауға шақырамыз.
Балалар келгенше барлық қала сыртындағы лагерлер санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін растайтын санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндетті. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болмаған кезде балаларды қала сыртындағы лагерлерге қабылдауға жол берілмейді. Тамақ дайындау және тамақтану шарттары мен қауіпсіздігі, су қоймалары мен бассейндерді қоса алғанда, тұру және демалу жағдайлары, ауыз су қауіпсіздігін сақтау міндетті. Ең бастысы балалардың қауіпсіз тамақтануы болып табылады. Майға қуырылған тағамдар мен фаст-фудқа қатаң тыйым салынады. Жазда балалардың сауықтыру орталықтары мен сауықтыру лагерлерінде мектеп жасындағы балаларды сауықтырып, демалысын, бос уақытын дұрыс өткізуге жағдай жасау. Лагерге келген балалар пікірталастарға, жаттығу, тренингтік тапсырмаларға әртүрлі шараларға қатысып, ой-өрістерін дамытып, танымдық дүниелермен танысады.