Көкжөтел

Көкжөтел

Көкжөтел – циклді ағым ұстамасымен білінетін спазмды жөтел, қоздырғышы таяқша тектес бактерия, ауа-тамшылы және байланыс арқылы берілетін инфекциялық ауру.

 Инфекцияның көзі – науқас немесе бактерия тасымалдаушы. Бактерия қоршаған ортада төзімсіз. Бактериялар науқастың тыныс алу жолында өсіп-өнеді. Инкубациялық кезеңнің соңы мен спазмды жөтелде ауру қоздырғышты ауаға демі және жөтелгенде түкірік тамшысымен бөлгеннен айналасындағыларға жұқтыруымен қауіпті болады.

 Бір рет ауырған қайталап ауырмайды, ағзада өмірлік иммунитет қалыптасады.

Алдын алу.

     Көкжөтел 20 вакцинамен басқарылатын және бұғатталатын инфекциялар қатарына жатады. Қоғамда вакцинадан бас тартушылар көбейсе және көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге қарсы жоспарлы егуді алмағанда ұжымдық иммунитет төмендейді, сондай-ақ қоршаған ортада көкжөтелдің қоздырғышы күшейіп, ауру өрши бастайды. Осыған орай қырағылық танытып, халық арасында көкжөтелдің алдын вакинациялаумен алған жөн! ҚР Үкіметінің 24.09.2020 жылғы «Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде оларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесін, екпелерді жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және халықтың профилактикалық екпелерге жататын топтарын бекіту туралы» №612 қаулысының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балаларға емханаларда 2, 3, 4, 18 айлығында және 6 жаста мезгіл-мезгіл дені сау кезінде көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге қарсы біріктірілген вакцина тегін салынады.

Маңызды!

     Қоршаған ортаға жұқпаны таратпау үшін науқасты дер кезінде оқшаулап, диагнозды анықтау үшін дер кезінде дәрігерді шақыртумен тексеріп-қарап, тиісті анализді тапсырып, тағайындалған дәрімен емдеу керек;

Бөлменің ішін жиі желдету, дезинфекциялық құралдарды қолданумен ылғалды жуу мен жинау;

Жеке бастың гигенасын сақтау, қолды жиі жуу немесе антисептикпен өңдеу.

Аурумен байланыста болған балаларға басқалардан оқшаулап 14 күн бойы медициналық бақылау жүргізеді.

Мұндай инфекцияны өз бетімен емдеуге болмайды.