Ол үшін Сізге өнімнің таңбалауындағы ақпаратты мұқият қарауға кеңес береміз. Қаптамасында өндіруші туралы ақпарат, өнімнің құрамы, партия нөмірі, сүтті сақтау және тасымалдау режимдеріне сәйкес таңдамалы түрде қолданылатын ескерту белгілерінің болуын (мысалы: «күн сәулесінен аулақ ұстаңыз», «температура шегі», «ылғалдан аулақ ұстаңыз», «тез бұзылатын жүк»), өндірушінің стандартының немесе техникалық құжатын белгілеуімен мұқият танысыңыз.
Мәселен, Қазақстан аумағында сүт өндірушілері «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» (КО ТР 033/2013) техникалық регламентінің талаптарын қатаң сақтауы тиіс. Себебі, осы техникалық регламент сүт өндіру процестеріне, өнімдерді сақтауға, тасымалдауға, сату және кәдеге жаратуға, сондай-ақ олардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін өнімдерді таңбалауға және орау талаптарына қойылатын міндетті қауіпсіздік талаптарын белгілейді.
«Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» (КО ТР 033/2013) техникалық регламенттің талаптарына сәйкес, егер сүт өнімдерін өндіру кезінде 50%-дан аспайтын мөлшерде сүт майын алмастырғыш пайдаланылса, онда мұндай өнім «құрамында сүт майының алмастырғышы бар сүт өнімі» деп аталуы тиіс.
Мысалы, егер сүт өнімі қаймақ технологиясымен өндірілсе және оны өндіруде сүт майын алмастырғыш қолданылса, онда мұндай өнімді «қаймақ» деп атауға болмайды. Бұл «қаймақ технологиясы бойынша өндірілген құрамында сүт майының алмастырғышы бар сүт өнімі» және ол таңбалауда көрсетілуі керек. Сүт майын алмастырғыштың құрамында өсімдік майлары болса, онда өнімнің қаптамасында «құрамында өсімдік майлары бар» деп көрсетілуі тиіс.
Айран зеңдерінен дайындалған ашытқы арқылы өндірілген өнім ғана айран деп аталатынын білу маңызды. Егер өндіріс кезінде ашытқының басқа түрлері пайдаланылса, онда өнімді айран деп атауға болмайды, бұл – «айран өнімі».
«Сары май» - бұл сиыр сүтінен жасалған май, онда майдың массалық үлесі кем дегенде 50% құрайды, яғни, май негізінен пастерленген кілегейден жасалады. Сары майдың майлы фазасында тек сиыр сүтінің сүт майы болуы керек.
Егер сары майдың таңбалауында құрамында өсімдік майлары бар деп көрсетілсе, онда бұл «кілегейлі-өсімдік спреді» болып табылады. Егер сіз өнімнің таңбалауында «өсімдік-кілегейлі спред» немесе «өсімдік-майлы спред» деген сөзді оқысаңыз, бұл мүлдем сүт өнімі емес, ол май өніміне жатады.
Сондай-ақ, сөрелерде «қант қосылған қоюландырылған өсімдік өнімі» деген жазуы бар «қоюландырылған сүттерді» көруге болады. Мұндай өнімдердің құрамында бірде-бір сүт компоненті жоқ. Көбінесе, мұндай өнімдер өсімдік майларынан, соя және (немесе) күріш ұнынан дайындалады. Сүт өніміне жататын қоюландырылған сүтті артық ылғалды буландыру және қант қосу арқылы пастерленген сиыр сүтінен дайындайды.
Құрметті тұтынушылар, сүт өнімдерін таңдау кезінде Сізге таңбалау көмекке келетінін тағы да естеріңізге салғымыз келеді.