Қышыма-жұқпалы тері ауруы!

Қышыма-жұқпалы тері ауруы!

Қышыма (чесотка) - терінің мүйізгек қабатында паразиттік тіршілік ететін Sarcoptes scabiei homonis қышыма кенесі тудыратын терінің паразиттік ауруы терінің жұқпалы ауруы. Қоздырғыш адам терісіне жұққан сәттен-ақ өзіне жайлы орын жасай бастайды. Қоздырғыш адам терісінде жылдам көбейіп, теріге жұмыртқа салады, бірнеше күннен кейін ол құртқа айналып, 1 аптадан соң ересек қотыр кенелер пайда болады.

Қышыма адаммен қарым-қатынас жасағанда, онымен төсек орынды, киім кешекті, орамалды сүлгіні, ысқыны (мочалка) т.б. заттарды бірге пайдаланғанда жұғады. Тиісті тазалық ережелері сақталмаса, моншада, душта, жатақхана мен мейманханада да қышыма ауруын жұқтыру қаупі бар. Сонымен қатар, қышыма үй жануарлары арқылы да жұғады.Қышыма ауруын жұқтырған кезде дененің кей тұсы үнемі дуылдап қышиды, үстін түрлі түйіншектер, көпіршіктер, қанды қабыршақтар, тырнақ ізі басады. Мұндай жағдай аяқ-қолдың буын бүгілістерінен де, саусақ аралықтарынан да, тұла-бойдан да байқалады. Осындай белгі сезілді дегенше, уақыт оздырмай дәрігерге көріну керек. Қышымамен күресте дәрігерге уақытында көрінудің және дер кезінде тыңғылықты емделудің маңызы зор.

Эпидемиологиялық тексеру нәтижелеріне қарағанда қышымамен әлеуметтік жайсыз  отбасындағы адамдар жиі ауырады. Қышыма жұқтырған адамдардың ең көп саны мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында жаңа ұжымдар құрылғанда, яғни күзгі-қысқы уақыттарда тіркеледі.

Қышыма ауруының алдын алу: жеке бас гигиена ережелерін сақтау (моншада қолданылатын заттарды дезинфекциялау, отбасының әрбір мүшесінде жеке бас гигиенасына арналған заттардың болуы); бассейндерде, моншаларда, жағажайда жеке резіңке аяқ киімдерді пайдалану; қоғамдық орындарға барып келгеннен соң қолды мұқият сабынмен жуу; қаңғыбас жануарлардан аулақ жүру; үй жануарларын ветеринарлық дәрігерге уақытылы көрсетіп, қажетті екпелер алу; тері ауруымен ауыратындар болса, жеке гигиеналық тазалыққа көңіл бөлу; біреудің киімін киюден аулақ болу.

Қышымаға шалдыққан адам ауруханаға жатпай, үйде емделсе, оның төсек-орны, тұтынатын заттары басқалардікіне араластырылмайды. Оларды 2% сода ертіндісі немесе кез-келген ұнтақ сабын қосылған, қайнап тұрған суда 10 минуттай қайнатып жуу керек. Дезинфекциялық заттар тек дәрігер ұсынымымен ғана қолданылады.

Дәрігерге дер кезінде қаралу – ауруды айналасындағы адамдарға жұқтырмауға, қышыманың таралмауын және одан тез сауығуын қамтамасыз етеді.