Эхинококкоз адамдар арасында кеңінен тараған аурулардың бірі. Эхинококкоз - адам денесіндегі құртты (паразитарлық) дерттердің ішіндегі ең қатерлі де ауыр кеселдердің қатарына жатады. Жылауық құрт кеселімен көбінесе жұмысқа жарамды жастағы (20-50 жас аралығы) адамдар ауырады және оның кесірінен ең жиі зақымданатын ағза - бауыр (53,4 пайыз). Ал өкпе- 26,4, ми-1,2-1,6 пайыз шамасында ауруға шалдығады. Ауру алғашқы кезде еш байқалмайды. Сондықтан диагноз көбінесе ауру асқынған кезде (59 пайыз) қойылады. Бұл кеселді емдеуде тәжірибесі мол деген клиникалық ауруханалардың өзінде оның аяғы өлімге ұласу жағдайлары әлі де жиі болып отыр (3,1 пайыздан 9,8 пайызға дейін). Ал асқынған түрлерінде 10 пайыздан 15 пайызға дейін жетеді.
Жылауық құрт кеселіне шалдықтыратын таспақұрт адам денесіне 3 жолмен: асқазан-ішек, тыныс жолдары және жарақат арқылы енеді. Оның жұмыртқасы сыртқы табиғат әсеріне өте төзімді және қолданыстағы дезинфекциялық дәрілер оны жоя алмайды. Эхинококкоз жұмыртқалары ауыз арқылы асқазанға түсіп, әрі қарай асқазан-ішек жолының шырышты қабаты арқылы көктамырларға сорылып, бауыр қақпасы арқылы алдымен сүзгі бауырға келеді. Сондықтан бауырдың жылауык құрты жиі кездеседі. Егер бауыр сүзгісінен өтіп кетсе,екінші сүзгі - өкпеге барып тоқтайды. Жылауық құрт тәнде орташа есеппен 10-20 жыл өмір сүреді.
Клиникасы.
Сырқаттың ауыр жеңіл өтуі кеселге душар болған адам организм мүшелері мен ұлпаларының зақымдануына байланысты болады. Сырқат белгілері біртіндеп білінеді. Бірнеше жылға солзылады. Науқастың зақымдалған мүшесі үлкейіп, бауырында ауырлық байқалып, оң жақ қабырға асты ауырады. Егер өкпесі зақымдалса, науқастың кеудесі ауырлығымен мазалап, ентігіп, қан қақырып, жөтеледі. Эхинококк қуығы өте шабан өсетіндігі салдарынан сырқат белгілері біртіндеп білінеді, бірнеше жылға созылады.
Алдын алу шаралары.
Жеке бас тазалығы. Әлеуметтік гигиенаның тазалығын дұрыс сақтау. Тамақ ішер алдында қолды сабындап жуып, кеселге кезіккен ит және т.б жануарлармен аса сақтықпен жанасқан дұрыс. Итті үйге кіргізбеу, азық-түлік тұрған жерді иіскетпеу, балаларды итпен ойнауына жол бермеу керек. Жеміс-жидектерді қайнаған сумен жуған жөн. Ит ұстайтын мекеме ұйымдарда әр тоқсан сайын құртқа қарсы егу, иттерді тіркеуден өткізу керек. Қаңғыбас иттердің көзін жою. Малды сойған кезде эхинококк жұқтырған бауыр, өкпені жағу қажет.
Емдеу.
Эхинококкоз адам үшін өте қауіпті, оны әзірге тек ота жасау жолымен ғана емдеп келеді.