Наурыз мейрамы қарсаңында балаларды уланудан қалай қорғаймыз?

Наурыз мейрамы қарсаңында балаларды уланудан қалай қорғаймыз?
Тамақтан улану – бұл асқазан-ішек жолдарына тамақпен немесе сусындармен бірге зиянды бактериялардың түсуінен ішкі органдардың жұмысының бұзылуы. Тамақтан улану жедел, аяқастынан басталады.
«2021-2022 оқу жылында білім беру ұйымдарында коронавирустық
инфекцияның алдын алу жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 25 тамыздағы №36 қаулысына сәйкес бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінде наурыз мейрамын дастархан жайып өткізуге және үйде дайындалған тағамдарды әкелуге тыйым салынады. Наурыз мейрамын мерекелеу кезінде дастарханды көптеген ұлттық тағамдардан бастап салаттар және кремі бар кондитерлік бұйымдарға дейін толтырады. Әрине бұл балалар үшін қауіпті болып келеді.
Мереке күндері тамақтан уланудың негізгі себептері балалар тұтынатын азық-түліктің, тез бұзылатын тағамдардың сақтау шарттарының орындалмауы және тамақ дайындау кезінде жеке гигиена ережелерінің сақталмауы болып табылады. Сапасыз тағамдар микробтардың көбеюіне, олардың уының пайда болуына жағдай туғызып балалардың тамақтан улануына алып келеді.
Балаларды уланудан қорғауға арналған кеңестер:
- тез бұзылатын тағам түрлерін тоңазытқышта сақтау және тағамның бетін ашық қалдырмау қажет;
- көкөніс пен жеміс-жидектерді ағынды сумен мұқият жуып, мүмкіншілігінше қайнаған сумен шаю қажет;
- тамақ өнімдерін жарамдылық мерзімін ескере отырып сақтаңыз;
- азық-түлік өнімдерін дайындау, сақтау, тасымалдау және сату жағдайлары бойынша санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау қажет;
- тамақ өнімдерін рұқсатсыз сауда орындарындағы белгісіз тұлғалардан алмау;
- шикі сүтті пайдаланар алдында міндетті түрде қайнату қажет;
- үй жағдайында консервіленген салаттарды, саңырауқұлақтарды, көкөністерді сатып алмау;
- ас мәзірін құрастырарда аса тез бұзылатын тағамдарды, соның ішінде кремді-кондитерлік өнімдер мен құрамында бірнеше тағамдар бар, майонез қосылған күрделі салаттардың болмауын қадағалау;
- салқын тағамдар мен салаттарды 1,5 сағат көлемінде сақтау.
Осы қарапайым талаптарды сақтау, мереке күндері балаларыңызды тамақтан уланудан қорғайды. Ал егер, тағамнан улану белгілері пайда болған жағдайда, дереу дәрігерге медициналық көмекке жүгіну қажет екенін есте сақтаған абзал.