
Дезинфекция - вирус, саңырауқұлақ немесе бактерия сияқты ауру тудырушы микроағзалар теріге түсіп, тыныс алу жолдары арқылы ағзаға енбей тұрып, оларды жоюға бағытталған механикалық, физикалық және химиялық іс-шаралар жиынтығы. Мұндай іс-шаралардың мақсаты - объектілерде патогендік және шартты-патогендік микроағзаларды залалсыздандыру арқылы жұқпалы аурулар таралуының және жұғуының алдын алу болып табылады. Дезинфекцияның міндеттері - жиналуға және таралуға бейім қауіпті аурулардың (микробтардың) қоздырғыштарын жою болып табылады.
Профилактикалық, қорытынды және ошақты дезинфекция бар. Профилактикалық дезинфекция дегеніміз - үй-жайлар (аурухана палаталарында, мектеп сыныптарында, кәсіпорындар цехтарында, ұйымдардың кеңселерінде) ішінде инфекциялардың таралуын болдырмауға бағытталған шаралар кешені. Профилактикалық процедура бөлмеде инфекция болмаған кезде жүзеге асырылады.
Дезинсекция да жұқпалы және паразиттік аурулардың таралуын болдырмауда жетекші рөл атқарады. Объектіде адамдардың бар-жоғына байланысты жүйелі түрде жәндіктерге қарсы (тарақандар, шыбындар, құмырсқалар, қандала, бүргелер, масалар) өңдеу жүргізіледі; авариялық үй-жайлар мен демалыс аймақтарында (су басқан, ылғалды, дымқыл жертөле үй - жайларында, жер асты суларының жоғары деңгейінде, кәріз желісіндегі авариялық жағдайларда) санитариялық-эпидемиологиялық және энтомологиялық көрсеткіштер бойынша шыбындар мен масаларға қарсы дезинсекциялық іс-шаралардың жиілігі - айына 1 рет, балалар мекемелерінде, денсаулық сақтау объектілерінде, өнеркәсіптік және коммуналдық мақсаттағы объектілерде көрсеткіштер бойынша - 3 айда 1 рет жүргізіледі.
Санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылық саласындағы нормативтік актілерде денсаулық сақтау саласында дезинфекция, дезинсекция, дератизация жүргізу қызметтеріне қойылатын негізгі талаптар айқындалған.
Дезқұралдармен жұмыс істеуге денсаулық жағдайы бойынша қарсы көрсетпелері жоқ кәмелет жасына толған адамдарға рұқсат етілген, кәмелетке толмағандардың, аллергиясы бар адамдардың, жүкті әйелдердің жұмыс істеуіне жол берілмейді.
Дезинфекциялау құралдарымен (дезинструктор, дезинфекциялаушы, дератизатор) жұмыс істейтін мамандар 5 жыл сайын дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау бойынша кәсіби даярлықтан өтеді. Жұмысқа орналасқан кезде қызметкермен қауіпсіздік техникасы және дезқұралдармен уланған кезде дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету бойынша нұсқамалық жүргізіледі.
Дезқұралдармен жұмыс істейтін қызметкерлердің жұмыс орындарында қауіпсіздік техникасы және химиялық заттармен уланған жағдайда алғашқы көмек көрсету қағидалары бойынша жадынамалар орналастырылады.
Дезинфекциялау құралдарын, міндетті түрде жапсырмалары бар түпнұсқа қаптамаларда, құрғақ және қараңғы жерде, бөлек, жақсы желдетілетін бөлмеде сақтау қажет. Дезинфекциялық ерітінділер өндірушінің нұсқауларына сәйкес дайындалады. Дезинфекциялық ерітінділерді (сұйылту) дайындау үшін эмальданған, шыны, пластикалық ыдыстар қолданылады. Жұмыста қолданылатын ерітінділерді дезқұралдың атауы мен концентрациясы, ерітіндіні дайындау күні мен жарамдылық мерзімі көрсетілген, қақпағы тығыз жабылатын ыдыста сақтайды.
Дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізу үшін Қазақстан Республикасы мен Еуропалық экономикалық одақ аумағында қолдануға рұқсат етілген құралдар қолданылады. Жарамдылық мерзімі өткен, зақымдану белгілері болған жағдайда (түсінің өзгеруі, бөгде элементтердің болуы) дезқұралдар нормативтік талаптарға сәйкес есептен шығарылады және жойылады.
Дезинфекциялық ерітінділерді дайындау кезінде қызметкер жеке қорғаныс құралдарын, яғни халат, комбинизон, алжапқыш, резеңке қолғап, маска немесе респиратор, қорғаныш көзілдірігін қолдануға міндетті. Ішуге, жеуге және темекі шегуге, сондай-ақ жылыту құрылғыларын қосуға тыйым салынады, өйткені олар дезқұралдың булануын күшейтуі мүмкін.
Дезқұралдармен жұмыс істегеннен кейін қызметкер арнайы киімді шешіп, оны арнайы бөлінген жерге салып қояды, үйде арнайы киімді сақтауға және жууға жол берілмейді. Содан кейін дененің ашық жерлерін сабынмен жуып, қажет болған жағдайда ылғалдандырғыш кремді жағу қажет.
Барлық дезинфекциялық құралдар, олармен жұмыс істеу талаптарын бұзған кезде, тітіркендіргіш және жалпы уытты әсер етуі мүмкін, яғни терінің қызарып, онда бөртпелер, қышу пайда болып, теріде жергілікті аллергиялық реакция болуы мүмкін. Дезқұралдың (химиялық заттардың) буларымен уланған кезде жалпы әлсіздік, тұншығу, жөтел, жүрек айну, құсу, бас айналу пайда болады. Қызметкер химиялық заттардың буымен уланған жағдайда, оған алғашқы көмек көрсету қажет, яғни таза ауаға шығарып, ластанған киімді шешу, ауыз бен тамақты шайғызып, оны емдеу мекемесіне жеткізу қажет.
Бұдан бөлек, жұмыс орнында ішінде лейкопластырь, мақта, таңғыш, медициналық қолғап, 70% спирт, 5% йод ерітіндісі, альбуцид көз тамшылары, белсендірілген көмір бар медициналық қобдиша болуы тиіс.
Қолданылатын химиялық заттардың қауіпті болуы мүмкін екенін түсіну қажет.
Өз пәтерлерінде, үйлерінде дезинсекция жүргізетін адамдар дезинсекция құралын таңдағанда нұсқамалығы бар жапсырманы мұқият оқып, өнімнің қауіптілік класына назар аударуы қажет. Себебі пәтерлер мен үйлерде қауіптілігі орта (3-сынып) және қауіптілігі аз құралдарды (4-сынып) пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл факті халық (көрші пәтерлердің тұрғындары) арасында дезинсекторлармен уланудың алдын алу мақсатында ескерілуі тиіс. Пәтерде дезинсекция жүргізбес бұрын дезинсекция жүргізуді жоспарлап отырған адам уланудың (оның ішінде өлім-жітімнің) алдын алу мақсатында көрші пәтерлердің және барлық подъезд тұрғындарын жоспарланған шаралардың күні мен уақыты туралы алдын ала ескертуі тиіс.
Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Дезинсекцияның қауіпсіздік ережелерін бұзу қатты улануға әкеліп соғуы мүмкін. Оның белгілері: ауызда жағымсыз дәм, әлсіздік, құсу, бас ауруы, жүрек айну, іштің ауыруы, көз қарашығының тарылуы, тыныс алу жүйесінің тітіркенуі, сілекейдің көп бөлінуі болуы мүмкін. Егер адамда улану белгілері байқалса, бұл туралы халықты, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ведомствосының аумақтық бөлімшесін уақтылы хабардар ету қажет.
2024 жылғы шілдеден бастап ҚР Денсаулық сақтау министрінің № 51 бұйрығымен денсаулық сақтау саласындағы дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау бойынша қызметтерді көрсетуге арналған лицензияланатын қызмет түріне қойылатын біліктілік талаптарын регламенттейтін «Денсаулық сақтау саласындағы дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау бойынша қызметтерді көрсетуге лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары бекітілді. Яғни, дезинфекция, дезинсекция, дератизация қызметтерін көрсететін барлық ұйымдар оны жүргізу құқығына лицензия алуға міндетті. Лицензияны беру аталған қызметтерді көрсететін объектінің орналасқан жері бойынша ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерімен жүзеге асырылады.
Лицензия алу тәртібі, біліктілік талаптары және басқа да мәліметтер туралы ақпарат алу үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-336/2020 бұйрығымен бекітілген «Денсаулық сақтау саласындағы дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау бойынша қызметтерді көрсетуге лицензия беру» мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын зерделеу қажет.
«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» ҚР Заңының 17-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың осы Заңда рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) тиісті рұқсат алмай немесе тиісті хабарлама жібермей жүзеге асыруына жол берілмейді.