
«Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде оларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесін, екпелерді жүргізу қағидаларын, мерзімдерін және халықтың профилактикалық екпелерге жататын топтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі № 612 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 20 ақпандағы № 102 қаулысына сәйкес елімізде адам папилломасы вирусына (бұдан әрі – АПВ) қарсы екпені енгізу жоспарлануда.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Қазақстанда адам папилломасы вирусына қарсы екпе салу жұмыстары басталады. Жаппай екпе салудың негізгі контингенті - 11 жастағы жасөспірім қыздар. Олар екпені ата-аналарының жазбаша келісімімен 2024 жылдың күзінде жаңа оқу жылының басталуымен тегін ала алады. Облыста барлығы 3800 қызды егу жоспарлануда.
Қазақстанда жатыр мойны обыры - әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар статистикасы бойынша сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр.
Қазақстанда күн сайын жатыр мойны обырының 5 жаңа жағдайы тіркеледі, осы аурудан күніне екі әйел көз жұмады. Сондықтан бүкіл әлемдегі онкологтар кейіннен қатерлі ісік тудыратын АПВ (адам папилломасы вирусы) қарсы вакцинациялауға шақырады.
Адам папилломасы вирусынан (АПВ) туындаған аурулар жасырын басталатын, созылмалы тұрақты ағымы бар ауруларға жатады және инфекцияның кіру қақпасы аймағында қатерсіз және қатерлі ісіктермен көрінеді.
АПВ - адам папилломасы вирусы. Бұл адамның ауыз қуысы мен жыныс мүшелерінің терісі мен шырышты қабығына әсер ететін байланысты вирустардың 200-ден астам түрі. Көп жағдайда бұл инфекция 2-3 жылдан кейін өздігінен өтеді және көбінесе адам үшін ешқандай белгілері байқалмай өтеді. Кейбір жағдайларда, АПВ-ның онкогендік түрлері ағзада қалып қойған жағдайда, бұл әртүрлі органдардың қатерлі ісігіне әкеледі. Ең алдымен - жатыр мойны обырына әкеледі. 100% жағдайда жатыр мойны обырының себебі АПВ-ның онкогенді түрлері (16, 18, 31, 33, 45, 52 және 58 түрлері) болып табылады.
Инфекция қоздырғышының көзі ауру адам немесе тасымалдаушы болып табылады.
Вирустың таралуының үш жолы бар – жыныстық, жанасу-тұрмыстық (тері шағын жарақаттары арқылы) және перинаталдық (анадан балаға). Әдетте, адамдарда иммунитет әсіресе әлсіреген сәтте, мысалы, тұмау және басқа жұқпалы аурулардан кейін пайда болады. Денеге бір рет енгеннен кейін вирус иммунитеттің төмендеуімен мезгіл-мезгіл өзін көрсете отырып, онда қалады.
АПВ қарсы екпе - қазақстандық әйелдерді жатыр мойны обыры мен басқа да онкологиялық аурулардың дамуынан қорғаудың заманауи және барынша тиімді (тиімділіктің 95% - ға жуығы) тәсілі.
АПВ қарсы екпе иық дельтоидына стандартты 0,5 мл көлемде бұлшықет ішіне енгізіледі. Екпеге қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда дәрігердің қарауынан кейін 6 ай аралықпен екі рет жүргізіледі.
АПВ қарсы екпе үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған және тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеген «Мерк Шарп және Доум» (АҚШ) компаниясы шығарған 4 валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады.
Зерттеушілер 11 жылдан астам уақыт бойы екі валентті және төрт валентті екпелермен егілген адамдарды бақылай отырып, уақыт өте келе қорғаныс деңгейінің төмендейтіні туралы ешқандай дәлел таппады. Сарапшылардың көбі екпе өмір бойы қорғауды қамтамасыз ете отырып, бірнеше онжылдықтар бойы тиімді болады деп санайды. АПВ қарсы екпе әйелдердің репродуктивті функциясына әсер етпейді және бедеулікті тудыруы мүмкін емес, бұл әлемнің дамыған елдеріндегі көптеген жылдар бойы жүргізілген клиникалық зерттеулерден дәлелденді. Бұл бірде-бір клиникалық дәлелденген фактісі жоқ қоғамда белсенді түрде таралған жалпы қате түсініктердің бірі.
АПВ қарсы алғашқы екпе 2006 жылы тіркелген. Бұл оның осы уақытқа дейін барлық қажетті клиникалық сынақтардан өткенін білдіреді. Қазіргі уақытта 2006 жылы екпе алғандардың арасында қорғаныс деңгейі төмендемейді, сондықтан ревакцинация жүргізудің қажеттілігін көрсететін фактілер жоқ. Болашақта ревакцинация (екпенің қосымша дозасын жүргізу) қажет болуы мүмкін екенін білу үшін зерттеулер жалғасуда.
Бүгінгі таңда АПВ қарсы екпелер 15 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді және әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстанда жүргізіледі.
АҚШ пен Австралия сияқты көптеген елдер оны жатыр мойны обырына қарсы ұлттық бағдарламаларына енгізді. Скринингтік бағдарламалармен бірге бұл елдердегі жатыр мойны обырының жиілігі мен өлімін айтарлықтай азайтуға көмектесті.
АПВ қарсы екпе - қазақстандық әйелдерді жатыр мойны обыры мен басқа да онкологиялық аурулардың дамуынан қорғаудың заманауи және барынша тиімді (тиімділіктің 95% - ға жуығы) тәсілі!