
Құс тұмауы – А типті тұмау вирусының штаммдарының бірімен шақырылатын құстар мен адамның жіті вирусты инфекциясы. Бұл инфекцияны құстардың көптеген түрлері қабылдағыш. Көбінесе оны таратушы болып суда жүзетін ұшып келетін жабайы үйректер болып табылады, олар осы инфекцияға онша сезімтал емес, ал үй құстары, тауықтар, күрке тауықтар, қаздар және үйректер құс тұмауын тез жұқтырып алады. Адам құс тұмауы вирусын жұқтыруда соңғы буын болып
табылады, осы күнге дейін осы вирустың адамнан адамға жұқтыруы тіркелмеген.

Ауру қоздырғышының көзі – жабайы құстар (вирус тасымалдаушылар), ауру үй құстары. Құстарда аурудың жасырын кезеңі 3-7 күнді құрайды. Ауру жұқтырған құстарда ұйқышылдық, түшкіру, сырылды тыныс алу, жоталар мен сырғалықтарының көгеруі, жас ағуы, қауырсындарының тікіреюі, мойын, аяқтарының салдануы, басы мен мойынының ісінуі, теңселіп жүруі, ішінің өтуі, жұмыртқа табуының азаюы немесе мүлдем толық тоқтауы байқалады. Құстар 24-72 сағатта өлуі мүмкін.

Аурудың адамға жұғу жолдары – жабайы құстармен, ауырған үй құстарымен қатынаста болу, термиялық дұрыс өңделмеген ауру құстың ет өнімдерін жегенде жұғуы мүмкін.

Адамдарда инфекцияны жұқтырған мезеттен алғашқы белгілері білінгенге дейін үш күннен аспайды. Адамдарда аурудың белгілері кәдімгі тұмау белгілеріне ұқсас: дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бұлшық еттің ауырсынуы, жөтел және тамақтың ауыруы, кейде конъюктивит байқалады. Кешірек науқаста өкпе-жүрек жетіспеушілігі, өкпенің ісінуі, геморрагиялық өкпе қабынуы туындауы мүмкін. Сонымен қатар тамырлардың жұмысының бұзылуы, көп реттік сұйық су тәріздес іштің өтуі, көп ретті құсу, мидың ісінуі мүмкін. Құс тұмауы кезінде адамдарды емдеу кәдімгі адам тұмауының еміндей қолданылады.

Құс тұмауының алдын алу үшін қандай шаралар қажет?

Құс тұмауының алдын алу үшін үй құстарын жабайы құстармен қатынасуын болдырмай, бөлек қамауда ұстау ұсынылады. Құс өсіретін шаруашылықтарда құс тұмауы бойынша қолайлы аймақтардан ғана құстармен толықтырылуы ұсынылады. Жаңа түскен құстарды 10 күн оқшаулап, жағдайын бақылауда ұстау. Құстардан ауру белгілері мен өлген құстарды байқағанда тез арада мемлекеттік ветеринарлық қызметке хабарлау қажет. Үй құстарын ұстайтын қораларда міндетті санитариялық жағдайларды – әрдайым тазалау, зарарсыздандыру шараларын қамтамасыз ету қажет. Құстарды бағуға арнайы бөлінген киім мен аяқ киімдерді қолдану, оларды тазалап, жуып отыру керек. Құстарды қоректендіруге тек сапалы және қауіпсіз жемдерді қолдану. Құстардың жемдеріне және қоректендіргенде синантропты құстардың (торғайлар, көгершіндер) қонуына жол бермеу.

Сонымен қатар құс тұмауы тіркелген елдерге барғанда, зақымданған құстармен қатынасатын орындар – саябақтар, базарлар, құс фермаларына бармауды ұсынамыз. Шет елдік туристік сапарлардан экзотикалық құстарды әкелмеу керек. Құс тұмауы эпизотиясы тіркелген аумақтарда құс еті мен жұмыртқаларды рұқсат етілмеген сату орындарынан сатып алмау керек.

Ауыз су ретінде тек бутилденген немесе қайнаған суды пайдалану қажет. Қолды жиі жуу, бетперде кию, бір реттік ылғалды майлықтарды қолдану. Тұмаудан, соның ішінде құс тұмауынан қорғанудың әсерлі тәсілі - вакцинация. Ауру белгілерінің алғашқы белгілері білінсе, дереу дәрігер көмегіне жүгініп, диагнозын анықтап, қажетті, уақтылы ем алған абзал. Себебі, емделуді кеш бастаса, асқынулардың туындауына әкеледі.

Сіздің денсаулығыңыз, өзіңіздің қолыңызда екенін естен шығармаңыз!