Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы

Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда алғаш рет «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы»  заң жобасы мен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы әзірленді.

Заң жобаларын әзірлеуді Денсаулық сақтау министрлігі 13 мүдделі мемлекеттік орган, жергілікті атқарушы органдармен, ғылыми-практикалық ұйымдардың сондай-ақ кәсіпкерлік өкілдерінің белсенді қатысуымен жүзеге асырды.

Анықтама: 7 ғылыми және практикалық ұйымның 60 ғылыми қызметкері (М. Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы, Ұлттық сараптама орталығы, Биоқауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты, Ұлттық биотехнология орталығы, Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық,  Микроорганизмдердің республикалық коллекциясы).

Заң жобасының негізгі мақсаты бұл  биологиялық қауіптерді ерте анықтау, алдын алу және профилактикасы болып табылады. Заң жобасында мынадай негізгі биологиялық қауіптер:

1) Бірінші, аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары (аса қауіпті инфекциялардың ошақтары ел аумағының жартысында таралған: мысалы, оба (10 облыстың аумағында), туляремия (12 облыстың аумағында), геморрагиялық қызбалар (4 облыстың және Шымкент қаласының аумағында),    1795-і күйдіргі бойынша стационарлық қолайсыз пункт);

2) Екінші, қауіпті инфекциялардың сырттан әкелінуі (Қазақстанның халықаралық туристік және іскерлік байланыстарды кеңейтуі нәтижесінде жыл сайын тырысқақтың әкеліну жағдайлары тіркеледі, мысалы: (2019 жылы Үндістаннан 4 жағдай), Денге қызбасы (2019 жылы Таиландтан 3 жағдай), безгек (2019 жылы  тропикалық елдерден 4 жағдай);

3) Үшінші, патогенді биоагенттермен жұмыс істеу кезінде талаптардың бұзылуы (тиісті рұқсаты жоқ, ережелерді сақтамай жұмыс істеу және т. б.);

4) Төртінші, төтенше жағдайлар мен терроризм актілерінің салдарынан жоғары қауіпті көздерге әсер ету (жер сілкінісі объектілердің бұзылуына және аса қауіпті патогендердің қоршаған ортаға түсуіне әкелуі мүмкін);

5) Бесінші, биологиялық қауіпсіздік саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі (кадрлардың тапшылығы, дипломнан кейінгі даярлау қажеттілігі, кадрлардың «қартаюы») болып табылады.

 

Заң жобасы бойынша биологиялық қатерге қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін мынадай бағыттардың шеңберінде құру жоспарлануда.

Бірінші бағыт - стратегиялық жоспарлау, биологиялық қауіпсіздікті болдырмау, биологиялық қауіпсіздік саласындағы басым ғылыми-зерттеу бағыттарын айқындау жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу.

Анықтама: бұл ҚР Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы арқылы жүзеге асырылады, оның шеңберінде негізгі проблемалар мен қауіптер, стратегиялық мақсаттар, негізгі бағыттар, нысаналы индикаторлар, міндеттер мен нәтижелердің көрсеткіштері, ведомствоаралық өзара іс-қимыл айқындалатын болады;

- ҚР Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің нормативтік құқықтық актілері мен құжаттарына биоқауіптердің алдын алу тетіктерін енгізу;

- ҚР Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында биологиялық қауіпсіздік саласындағы басым ғылыми-зерттеу бағыттарын айқындау;

 

Екінші бағыт - мемлекеттік басқарудың үйлестірілген ведомствоаралық жүйесін құру және оның профилактикалық функциясын күшейту.

Бастысы, уәкілетті орган енгізіледі, оның негізгі міндеті биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесі шеңберінде ведомствоаралық өзара іс-қимылды және мемлекеттік органдардың іс-қимылдарының келісілуін қамтамасыз ету, биологиялық қатерлердің алдын алу жөніндегі уақтылы және тиімді шараларды әзірлеу үшін әртүрлі салалардан ақпарат жинау және талдау жүргізеді.

Мемлекеттік органдардың уәкілдік рөлі айқындалды, мысалы Төтенше жағдайлар кезінде – Төтенше жағдайлар министрлігі, терроризмге қарсы іс-шаралар шеңберінде  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Терроризмге қарсы орталығы, соғыс жағдайын енгізу кезінде - Қорғаныс министрлігі болады.

Сонымен қатар, 13 мүдделі уәкілетті орган, жергілікті атқарушы орган өкілеттіктерінің құзыреттері айқындалынады.

Профилактикалық функцияны күшейту шеңберінде алдын ала ескертусіз аса қауіпті патогендермен жұмыс істеуге қатысты мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ биологиялық қауіпсіздік саласында жедел назар аудару және профилактика шаралары көзделеді.

 

Үшінші бағыт - бейінді қызметтер мен халықтың ықтимал төтенше жағдайларға дайындығын қамтамасыз ету.

Әрбір ықтимал қауіп үшін биологиялық қауіпсіздік саласында назар аудару хаттамалары (сценарийлері) әзірленетін болады, онда мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар іс-қимылдарының, олардың төтенше жағдайлар кезінде ведомствоаралық өзара іс-қимылының алгоритмдері жасалатын болады.

Аса қауіпті патогендермен жұмыс істеу үшін даярлықтан өткен білікті мамандардан кадр резервін қалыптастырылады, қажет болған жағдайда олар аса қауіпті патогендермен жұмыс істеуге (төтенше жағдайлар, пандемия, басқа елдерге көмек көрсету) жұмылдырылады.

Патогенді биоагенттермен жұмыс істейтін объектілерді материалдық-техникалық жарақтандыру халықаралық стандарттарға сәйкес келтіріледі (зертханаларды физикалық қорғау, жаңа үлгілік зертханаларды салу және жұмыс істеп тұрған зертханаларды жөндеу, қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандыру күшейтілетін болады).

Ғылыми-техникалық әлеует пен ресурстарды мемлекеттік қолдау шараларын күшейту жоспарлануда:

- биологиялық қауіпсіздік саласындағы басым ғылыми-зерттеу бағыттарын айқындау (басымдықтар ғылыми зерттеулерді қолданбалы, практикалық қолданумен байланысты);

- инфекциялық және паразиттік аурулардың профилактикасы, оларды емдеу және диагностикалау үшін иммундық-биологиялық, дәрілік және диагностикалық препараттарды әзірлеу мен өндірудің ғылыми негіздемесі бойынша талаптарды енгізу (препараттарды әзірлеу ғылыми зерттеулердің, тиімділік дәлелдемелерінің негізінде жүргізілетін болады).

Пандемия сабақтарын (қауесеттерге, негізсіз пікірлерге, көрінеу жалған ақпараттық таратуларға ұшырау) ескере отырып, заң жобасында халықтың хабардар болу деңгейін арттыру және оның қауіпті биофакторлардың әсеріне назар аударуға дайындығы жөніндегі шаралар қарастырылған.

Ковид тәжірибесі тіпті көп жылдық дәстүрлер (үлкен тойлар, қонақтық, құшақтасулар, қол алысу) халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін өзгеруі керек екенін көрсеткені мәлім.

Сондай-ақ, кадрлық әлеуетті сақтау және нығайту үшін ынталандыру шаралары көзделген. Мемлекеттік ұйымдардың тәуекелге неғұрлым бейім мамандары мен қосалқы персоналына еңбекақы төлеу арттырылады, сауықтыру жөніндегі жәрдемақылар белгіленеді (егер қазіргі уақытта зертхана маманының орташа жалақысы 120 теңге болса, заң шыққаннан кейін орта есеппен 2 есе ұлғайтылатын болады).

 

Төртінші бағыт – биоагенттердің клиссификациясы  (жіктелімі) мен олардың жұмыс істеуге қойылатын талаптарын біріздендіру (қызмет саласына қарамастан - медицина, ветеринария, ғылым және т.б. патогендерді жіктеуге бірыңғай тәсіл қамтамасыз етіледі).

Алғаш рет заңнамалық деңгейде халықаралық тәжірибені ескере отырып, патогенді биоагенттердің жіктелуі енгізілді. Жіктеу биоагенттердің қауіптілік дәрежесіне байланысты патогенділіктің 4 тобын қамтиды.

Анықтама:

Заң шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен патогенді биоагенттердің (ПБА) тізбесі (сыныптау) бекітілетін болады, онда барлық ПБА олардың патогенділігіне қарай топтарға бөлінетін болады:

Патогенділіктің I тобы - өлім-жітім деңгейі жоғары және (немесе) эпидемиялық және эпизоотиялық әлеуеті жоғары, жеке және қоғамдық жоғары сезімталдықпен сипатталатын, адамдардың және (немесе) жануарлардың аса қауіпті инфекциялық ауруларын тудыратын патогендік биологиялық агент(оба, табиғи шешек, маймыл шешегі, Марбург, Эбола, Ласса, Аргентина, Боливия, Бразилия геморрагиялық қызбасы және Венесуэлалық геморрагиялық қызба).

Патогенділіктің II тобы-ПБА мыналарды тудырады:

- аса қауіпті инфекциялық аурулар (тырысқақ, туляремия, бруцеллез, құтыру, Конго Қырым геморрагиялық қызбасы, бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызба, аусыл, Цуцугамуши қызбасы, Ку қызба);

- инфекциялық және паразиттік аурулар (В, С, Д.Е вирустық гепатиттері, АИТВ, жаңа коронавирустық инфекция, сіреспе, ботулизм, орнитоз, сиыр құтырмасы, мелоидоз, энцефалиттер және т. б.).

Патогендіктің III тобы – адамның және (немесе) жануарлардың жұқпалы немесе паразиттік ауруын тудыратын, орташа эпидемиялық, эпизоотиялық және эпифитотикалық әлеуетпен сипатталатын ПБА (безгек, көкжөтел, қайталанатын сүзек, дифтерия, желшешек, легионеллез, лептоспироз, туберкулез, гонорея, менингит, А және В паратифтері, менингиттер, пневмония, тұмау, полиомиелит, ішек гепатиті, қышыма, аспергиллез, цитомегаловирус, қарапайым герпес, кандидоз және т.б.).

Патогендіктің IV тобы – адамның және (немесе) жануарлардың инфекциялық немесе паразиттік ауруын тудыратын не эпидемиялық, эпизоотиялық және эпифитотикалық әлеуеті төмен өсімдіктерге зиян келтіруге қабілетті ПБА (қызылша, қызамық, энтерит, салмонеллез, диарея, ЖРВИ, пневмония, тағамдық токсикоинфекция, асқазан-ішек жолдарының аурулары, паракоклюш, менингоэнцефалит, лейшманиоз, токсоплазмоз, гастроэнтерит, гингивит, сепсис және т.б.).

Клиссификацияны (жіктеуді) ескере отырып, патогенді биоагенттермен жұмыс істеуге қойылатын жалпы талаптар бір жүйеге келтіріледі, оларға рұқсат енді жұмыс жүргізілетін әрбір объектіге берілетін болады.

 

Бесінші бағыт - патогенді биоагенттердің айналымы туралы деректерді есепке алу мен мониторинтің бірыңғай жүйесін құру.

Біз инфекциялардың пайда болуы мен таралуын болжау арқылы оларға қарсы іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне өту үшін жағдай жасаймыз. Басты назар салдармен күрестен тәуекелдерді болжау мен бағалауға ауысады.

Мұндай жұмыс биологиялық қатерлердің алғышарттары туралы ақпаратты жедел алуға негізделеді, сондықтан заң жобасы оның орталықтандырылған есепке алуды және мониторингті жүргізу жүйе арқылы жүзеге асырылатын болады.

Анықтама: Атап айтқанда, мынадай ақпарат жинауға және талдауға жатады:

- аса қауіпті патогендердің және олармен жұмысты жүзеге асыратын мамандардың, патогендермен жұмыс істейтін субъектілер мен объектілердің тізілімдері;

- статистикалық, есепке алу және есептілік құжаттамасы;

- қоршаған ортаны, аса қауіпті инфекциялық және паразиттік аурулардың тасымалдаушыларын зерттеу-қарау туралы, осындай аурулардың пайда болу себептері мен жағдайлары туралы;

- биологиялық қауіптерді ішкі және сыртқы бағалау нәтижелері туралы.

Жоғарыда көрсетілген ақпаратты ұсыну тәртібі, мерзімдері мен шарттары уәкілетті орган бекітетін биологиялық қауіпсіздік саласындағы есепке алуды, мониторингті және болжауды (модельдеуді) жүргізу қағидаларында айқындалатын болады.

 

Алтыншы бағыт – биологиялық қатерлерді басқару және биологиялық қауіптерді болжау жүйесін енгізу:

- мемлекеттік органдарда және қауіпті патогендермен жұмыс істейтін ұйымдардың қызметінде биологиялық қауіптерді басқару жүйесін енгізу;

- биологиялық қауіптерді сыртқы және ішкі бағалауды енгізу;

 

Жетінші бағыт - микроорганизмдердің ұлттық және жұмыс коллекцияларының қызметін реттеу. Микроорганизмдер коллекцияларын жүргізудің жалпы талаптары енгізіледі, ұлттық және жұмыс коллекцияларының мақсаты нақты анықталған. Мұндай коллекциялар микроорганизмдердің сипаттарын зерттеу, оларды жүйелеу және олардың теріс әсерін азайту жолдарын жасау үшін маңызды.       

Анықтама: мыналарды жүзеге асыру жоспарлануда:

- коллекциялық қызметті жүзеге асыру үшін жалпы талаптарды анықтау;

- микроорганизмдер коллекциясын патогенді және өнеркәсіптік, ұлттық және жұмысшы деп санаттау;

- микроорганизмдердің ұлттық және жұмыс коллекцияларын жүргізу қағидаларын бекіту;

- патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істейтін субъектілердің бірегей және өнеркәсіптік микроорганизмдердің үлгілерін ұлттық коллекцияларға сақтау міндетін белгілеу арқылы жүзеге асырылады.

Негізгі заң жобасы жоғарыда көрсетілген бағыттарды іске асыруға бағытталған 8 тараудан және 32 баптан тұрады, сондай-ақ қолданысқа енгізу үшін алты айлық өтпелі кезеңді және патогенді биоагенттермен жұмыс істеуге рұқсаттарды ресімдеу және қайта ресімдеу үшін қосымша 6 айды көздейді.

1-тарау Негізгі ережелер (1-5 - баптар) - ұғымдар, заңдар, қолданылу саласы, қағидаттар, негізгі биологиялық қатерлер;

2 – тарау Мемлекеттік реттеу (6-12-баптар) - мемлекеттік реттеу (стратегия және құралдар), ведомствоаралық үйлестіру, Үкіметтің, уәкілетті органның, мемлекеттік органдардың және жергілікті атқарушы органдардың құзыреттері, халықаралық ынтымақтастық;

3-тарау Биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын жалпы талаптар (13-19 - баптар) – биологиялық қауіпсіздік саласындағы сыныптамалар (ПБА патогендігі критерийлері), биорискаларды басқару, ПБА-мен жұмыс істеу жөніндегі қызметке қойылатын талаптар, есепке алу және мониторинг, мемлекеттік ақпараттық жүйе, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттері, профилактиканың түрлері мен тәсілдері;

4-тарау Мемлекеттік бақылау және қадағалау (20 және 21 - баптар) - мемлекеттік бақылау және қадағалау, жедел ден қою шараларын қолдану тәртібі

5-тарау Микроорганизмдер коллекциясы (22-24 - баптар) - микроорганизмдердің коллекциялық қызметі, ұлттық және жұмыс коллекциялары;

6-тарау Мамандар мен қосалқы персоналды әлеуметтік қорғау (25 және 26) - мамандар мен қосалқы персоналды әлеуметтік қорғау, патогендігі I және II топтағы патогенді биологиялық агенттер бойынша мамандардың кадрлық резерві

7-тарау Ғылыми және білім беру қызметі (27-29) - ғылымның басым бағыттары, биологиялық қауіпсіздік саласында оқыту, ғылыми-техникалық әлеует пен ресурстарды мемлекеттік қолдау

8-тарау Қорытынды және өтпелі ережелер (30-32) – жауапкершілік, өтпелі ережелер, қолданысқа енгізу тәртібі

 

Республикалық бюджеттік комиссияда заң жобасын іске асыруға бейінді қызметкерлерді әлеуметтік қорғауды, мемлекеттік зертханалық базаны қосымша жарақтандыруды, биологиялық қауіпсіздік саласында бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйені құруды және жүргізуді, микроорганизмдер коллекциясын ұстауды қоса алғанда, 2022-2024 жылдарға арналған шамамен 25,5 млрд.теңге мөлшеріндегі шығыстар мақұлданды.

Анықтама:

Барлығы - 25,5 млрд. теңге, оның ішінде:

- 2022 жылға – 5 672 452 мың теңге.                                                                        

- 2023 жылға – 12 760 033 мың теңге.                                                                     

- 2024 жылға – 7 123 165 мың теңге.  

Мемлекеттік органдар бөлінісінде:

- ДСМ-23 371 386 мың тг.

- БҒМ-1 128 657 мың тг.

– АШМ-1 055 607 мың тг.

Бағыттар бойынша, мың тг.

- Зертханалық жабдықтарды сатып алу ( ДСМ) - 4 763 633;

- 5 объектіні (зертхананы) күрделі жөндеу (ДСМ) - 89 125;

- Күрделі жөндеуге ЖСҚ және Мемсараптама дайындау (ДСМ) - 115 903;

- Әлеуетті қауіпті биологиялық объектілерді физикалық қорғауды қамтамасыз ету (ДСМ) - 470 560 және (БҒМ) - 427 000;

- Мемлекеттік ақпараттық жүйені құру (ДСМ) - 164 072;

- Мамандарды әлеуметтік қорғау (ДСМ) - 9 842 370 және (АШМ) - 1 055 607;

- МИБП (ДСМ) шығару жөніндегі кешенді салу-7 726 315;

-BSL-4 зертханасының құрылысы (ЖСҚ әзірлеу) (БҒМ) - 292 738;

- Оқыту, біліктілікті арттыру, қайта даярлау ( ДСМ)- 199 408;

- Ұлттық коллекциялардың мазмұны (БҒМ) - 408 919.

 

Ілеспе заң жобасы 3 кодекс пен 11 заңды қоса алғанда, 14 заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді көздейді.

Ілеспе заң жобасы мыналарды көздейді:

- патогендігі I топтың патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуді жүзеге асыратын әлеуетті қауіпті объектілерді стратегиялық объектілерге жатқызу (бұл олардың қызметіне бақылауды күшейтуге, физикалық қорғалуын нығайтуға, шектеулер мен қолжетімділікті ретке келтіруге және регламенттеуге, халық үшін, сондай-ақ террористік тұрғыдан қауіптілік деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді);

- қауіпті патогендерді заңсыз қолданғаны, өткізгені және ұрлағаны үшін, сондай-ақ ауыр зардаптарға әкеп соққан олармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу (бұрын бұл сала реттелмеген, қазір рұқсатсыз патогендермен жұмыс істеу үшін қылмыстық жауапкершілік 2 жылдан 6 жылға дейін, патогендермен жұмыс істеу кезінде ауыр зардаптарға әкеліп соққаны үшін 7 жылға дейін қылмыстық жауапкершілік көздейді);

- денсаулық сақтау саласында дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтерін лицензиялауды енгізу (бұл халыққа осы қызметтерді біліксіз жүргізу қаупін азайтуға, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен тиімділігі үшін жеке тұлғалардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді);

- өтініш жасайтын патогендерді көрсете отырып, әрбір объектіге рұқсаттар беру бөлігінде рұқсат беру жүйесін нақтылау, сондай-ақ осы рұқсаттардан айыру (кері қайтарып алу) үшін негіздерді белгілеу;

- Қорғаныс министрлігіне ҚР Қарулы Күштерінің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғалуын қамтамасыз ету қағидаларын бекітуге өкілеттіктер беру (бұл функция болған жоқ);

 - уәкілетті органды террористік қатерлерге қарсы іс-қимылдың бірыңғай жүйесіне енгізу, оның ішінде биологиялық құрылысты әзірлеуге, өндіруге және жинақтауға тыйым салу жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау мақсатында енгізу;

- салалық заңдарды Негізгі заң жобасына сәйкес келтіру.

Заңның өзектілігі күмән туғызбайтынын және бұл заң жобаларының шығуы тиісті органдарға ғана емес, бүкіл Қазақстан халқы үшін де өте маңызды екенін баршаға мәлім.

25