
Қазіргі заманғы денсаулық сақтаудың маңызды мәселелерінің бірі – темір тапшылығы анемиясы болып табылады. Тыныс алу процесі кез-келген ағза үшін өте маңызды. Қандағы оттегін тасымалдайтын жалғыз зат-гемоглобин. Гемоглобиннің толық қалыптасуы үшін ағзаға тамақ арқылы темір түсіп тұруы қажет. Темірдің жетіспеушілігі гемоглобин деңгейінің төмендеуіне әкеп соғады, яғни дененің жасушаларына оттегі аз түседі, осыдан темір тапшылығы анемиясы пайда болады.

Бүгінгі таңда технологиялық өңдеу нәтижесінде азық-түліктің көп бөлігі пайдалы қасиеттерін жоғалтады. Оларды қалпына келтірудің ең жақсы тәсілі – азық-түлікті, атап айтқанда, ұнды дәрумендер және микроэлементтермен байыту. Ұн бұл процеске аса қолайлы болып келеді, өйткені ол жаппай сатып алынатын азық-түлік өнімдерінің бірі болып табылады және ұннан жасалған өнімдерді емес, ұнды фортификациялау тұтынушылардың ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Фортификация - ұнтақтау кезінде ұнға аз мөлшерде премикс деп аталатын дәруменді-минералды кешенді енгізу процесі, бұл өнімнің сапасы мен тағамдық құндылығын арттырады. Нан пісіретін ашытқы, нан, нан өнімдері және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер йод препараттарымен, В және Е дәрумендерімен, никотин және фолий қышқылдарымен, дәруменді-минералды қоспалармен байытылуы мүмкін. Қазақстан Республикасының заңнамасында тамақ өнімдерін фортификациялау тәртібі регламенттелген.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 111-бабында Қазақстан Республикасының аумағында астық өңдейтін кәсіпорындардың жоғары және бірінші сұрыпты ұнды микроэлементтермен және дәрумендермен міндетті түрде байытуы көзделген. Фортификация үшін бидай ұны кездейсоқ таңдалып отырған жоқ, бидай В1 (тиамин), В2 (рибофлавин), ниацин, В6 (пиродоксин) дәрумендерінің, сондай-ақ темір мен мырыштың көзі болып табылады. Бұл микроэлементтердің барлығы астықтың сыртқы қабатында болғандықтан, олардың көпшілігі өңдеу кезінде жоғалады. Сондықтан фортификация процесінде ұнға құнарлы микроэлементтер қосылады. Ұн тарту кәсіпорындарында жоғары және бірінші сортты ұн өндірудің соңғы кезеңінде дозалағыш көмегімен премикс қосылады. Байыту процесі ұнның дәмін, түсін, иісін өзгертпейді, пісіру сапасы қалыпты болып қалады. Ұнды сатып алғанда, көптеген адамдар оның пайдасының бар-жоғына мән бермейді. Өндіруші өткізілген фортификация туралы міндетті түрде «Таңбалау бөлігіндегі тамақ өнімі» КО ТР 022/2011 талаптарына сәйкес тауарды таңбалауда көрсететін болады.