
1 желтоқсан – халықтың бұл ауру туралы хабардарлығын арттыруды мақсат ететін Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні.

Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) – ағзаның иммундық жүйесін зақымдайтын инфекция. АИТВ инфекциясының ең соңғы сатысы – жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромы (ЖИТС). Вирус қанның ақ жасушаларын зақымдап, иммундық жүйенің әлсіреуіне әкеледі. Бұл туберкулёз, қатерлі ісіктердің кейбір түрлері және басқа да аурулардың даму қаупін арттырады.

АИТВ вирусы осы инфекциямен өмір сүретін адамдардың биологиялық сұйықтықтары – қан, емшек сүті, шәует және қынап бөлінділері арқылы беріледі. Сондай-ақ АИТВ жүкті әйелден балаға жүктілік кезінде және босану барысында жұғуы мүмкін. Ал кәдімгі тұрмыстық қатынастар: сүйісу, құшақтасу, қол алысу, бірлесіп тамақ немесе су пайдалану, жеке заттарды ортақ қолдану арқылы жұқпайды.

Қарапайым гигиена ережелерін сақтау да кездейсоқ жұқтырудан қорғай алады. Басқа біреудің тіс щёткасын, ұстарасын және қанның ізі қалуы мүмкін кез келген жеке гигиена құралдарын қолдануға болмайды. Медициналық мекемелерден тыс жерде ине салдырудан, стерильді емес құралдармен татуировка жасатудан және құлақ тесу рәсімдерінен аулақ болу қажет.

Вирус адам талғамайды, алайда адам оның алдын алуы мүмкін. Әркімнің АИТВ-ның алдын алу шараларын тұрақты сақтауы не сақтамауы өзіне байланысты.