
«С» гепатиті - бауырға әсер ететін вирустық инфекцияға жатады. Аурудың ағымы жіті де, созылмалы да болуы мүмкін. «С» гепатиті өмірге қауіп төндіреді. Вирус жұқтырған қанмен байланыста болған кезде жұғады. Бұл инъекциялар мен басқа да медициналық процедураларды қауіпсіз орындамау, сынақтан өтпеген қан құю, инелер мен шприцтерді инъекциялық есірткіні тұтынушылармен бөлісу, сондай-ақ қорғалмаған жыныстық қатынастар нәтижесінде қан арқылы жұғуы мүмкін. Егер салондарда стерильді емес инелер немесе басқа құралдар қолданылса, татуировка, пирсинг, косметологиялық процедуралар, маникюр немесе педикюр жасау кезінде инфекцияны жұқтыру мүмкін.

«С» гепатитінің белгілеріне жоғары температура, шаршау, тәбеттің төмендеуі, жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, зәрдің қараюы және терінің және көздің аққабының сарғаюы (сарыауру) жатады.

Алдын алу

С гепатитінің алдын алу спецификалық емес шараларға негізделген, өйткені вакцина жоқ.

Қауіпсіз медициналық процедуралар:

Тек бір рет қолданылатын шприцтерді, инелерді және басқа стерильді құралдарды пайдалану.

Медициналық және косметикалық мекемелерде құралдардың сақтық шаралары мен зарарсыздандырылғанына көз жеткізіңіз.

Қауіпсіз жыныстық мінез-құлық:

Презервативтерді қолданыңыз, әсіресе инфекция қаупі бар болса (бірнеше жыныстық серіктестер болған жағдайда).

Жеке гигиена және тұрмыстық байланыстар:

Үйде тек өз ұстараларын, маникюр (педикюр) керек-жарақтарын, тіс щеткаларын, сүлгілерді және басқа да гигиена құралдарын пайдалану және оларды басқа отбасы мүшелерінің пайдалануына жол бермеу.

Кесілген жерлер мен жараларды жабу арқылы қанмен байланысу мүмкіндігін шектеңіз.

Терінің зақымдалуына байланысты процедуралар:

Косметологиялық процедураларды, соның ішінде татуировканы, пирсингті жүргізу үшін тиісті қызметтерді көрсетуге қажетті рұқсаты бар ұйымдарға жүгініңіз, олардың мамандары жұмыстың қауіпсіз ережелеріне үйретілген және стерильді құралдарды пайдаланады. Шеберден бір реттік қолғапты қолдануды талап етіңіз.

Басқа шаралар:

Инъекциялық есірткіні қолданудан аулақ болыңыз.

Жүктілікті жоспарлау кезінде әйелдерге С гепатитіне тексеруден өту ұсынылады.