
Вирустық гепатит – негізгі бауырдың зақымдалуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Гепатиттің дамуының себептері әртүрлі болып келеді, мысалы, ішімдікті артық пайдалану, улы заттармен улану, дәрілік заттарды шамадан тыс қолдану және тамақтану ережелерін ескермеу. Алайда, гепатиттердің жиі қоздырғыштары – вирустар болып табылады.

Вирустардың таралуы
Бүгінгі күні вирустық гепатиттердің бірнеше түрлері белгілі, олар А, В, С, D, E типті вирустары. Вирустық гепатиттердің таралу қаупі жоғары болуына байланысты, денсаулық сақтау жүйесінде маңызды мәселенің бірі болып қалуда. Жұқпаның тұрғындар арасында берілу жолы мен таралуы әртүрлі. А және Е гепатиттерінің берілу механизмі фекальды-оралды, яғни сырқат адамның нәжісімен ластанған тағамды немесе суды пайдалану нәтижесінде сырқаттанады. Сырқаттанушылық сапасыз су жүйесімен, тағамдардың ластануымен, санитарлық жағдайдың нашарлығы, гигиена ережелерінің сақталмауымен тығыз байланысты.

Вирустық «В», «С», «D» гепатиттері инфекциясымен жұқтырылған қан немесе қан элементтерін (эритроцитралық, тромбоцитарлық масса) құю кезінде, әртүрлі емдік-диагностикалық емшараларда (ота жасау, ине салу, босану кезінде және тағыда басқа жағдайда) стерильденбеген инструмент қолданғанда және жыныстық қатынас арқылы жұғады.

В вирустық гепатиті босану кезінде анадан балаға жұғуы мүмкін. Егер жүктіліктің соңғы кезеңінде жедел гепатит түрімен ауырған болса, сырқаттанушылықтың анадан балаға берілу қаупі артады. Бірақ вирустық гепатит ана сүтімен берілмейді. Сондай-ақ жұқпа татуировка, пирсинг салған кезде, құлақ ұшын тескенде, косметологиялық шаралар (маникюр, педикюр) кезінде жұғады

Аурудың алдын алу шаралары

Вирустық В гепатитіне қарсы арнайы профилактика жаңа туған нәрестелерге, медициналық қызметкерлерге, медициналық бағыттағы жоғары және орта оқу мекемелерінің студенттеріне, сондай-ақ реципиенттер, онкогематологиялық науқастарға, гемодиализ және тіндердің немесе ағзаларын (ағзалардың бөліктері) трансплантациялауға жататындар, жұқпа ошағында қарым-қатынаста болғандар жатады.