Оңтүстік өңірінде жеміс-жидектердің ерте пісуіне байланысты және өңірлерде су тасқыны салдарынан ашық су көздері (өзен, көл және т.б.) ластануына орай өткір ішек жұқпалы аурулары, тырысқақ, паразитарлы аурулардың өршу қаупі туындауынан эпидемиологиялық ахуал тұрақсыздануы мүмкін.
Қалада күнделікті тұрғындар арасында жіті ішек инфекциясы, паразитарлы аурулардың тіркелуі жалғасуда.
Ағымдағы жылдың 4 айында статистикалық мәліметке сүйенсек, тұрғындар арасында 174 жағдай жіті ішек инфекциясы (әрі қарай – ЖІИ) тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (160 жағдай) аурушаңдық 3,9%-ға өскен. Ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында биыл 130 жағдаймен 74,7%-ы ауырған.
ЖІИ – ас қорыту жолдарын зақымдайтын инфекциялық аурулар тобы. Қоздырғыштар сыртқы ортаға өте төзімді және ұзақ уақыт топырақта, суда, сондай-ақ қасық, тәрелке, есіктің тұтқасы, ойыншық және т.б. заттарда сақталуы мүмкін. Микробтар суда, сүтте, сүт өнімдерінде, салаттарда және басқа да тез бұзылатын азық-түліктерде көбейеді. Қоздырғыштар адам ағзасына лас қол, лас су және микроб түскен азық-түлік, жуылмаған немесе таза жуылмаған жеміс-жидектер, науқас пайдаланған заттар арқылы (ыдыс, киім-кешек, төсек-орын, жеке басының құралдары) жұғады. Құрамында қоздырғышы бар қайнатылмаған суды, сақталуы бұзылған дайын тағамдарды пайдалану арқылы (сүт және сүт тағамдары, салаттар, ет пен ет өнімдерінен дайындалған тағамдардан, паштет, тоңба (холодец)) жаппай ЖІИ орын алуы мүмкін. ЖІИ ауырған науқасты күту кезінде және ластанған сумен қол жуғанда, жеке басының тазалығын сақтамағанда қоздырғыш жұғады.
Қазіргі уақытта ЖІИ көбі тағаммен байланысты және де олардың саны жаз-күз мезгілдерінде артты, себебі осы уақыттарда жеміс-жидектер көп қолданылады. Сонымен қатар, аурулардың тарауына шыбын-шіркейлер үлкен әсерін тигізеді, олар дизентерия, сүзек, қылау қоздырғыштарын тасымалдайды. ЖІИ жасырын мерзімі қысқа – 6-48 сағаттан бастап 7 күнге дейін.
Клиникалық белгілері:
Құсқанда және іш өткенде адам сұйықтықты жоғалтады, соның нәтижесінде ағзадағы су алмасу процесі бұзылып, жүректің, тамырлардың, бүйректің және басқа ағзалардың қызметінің бұзылуына әкеп соғады. Әсіресе, ағзаның сусыздануы балалар мен қарияларға өте ауыр өтеді, асқыну жағдайы көбірек болады.
Халық арасында ЖІИ тіркелуінің тырысқақтың таралуына да әсері орасан. Тырысқақ (лат. cholera) — тек адамнан адамға ауыз-нәжістік жолмен жұғатын (антропонозды), қоздырғышы вибрион, өте жоғары жұғымды аса қауіпті карантинді жіті ішек жұқпасы.
Жұқпаның ерекшелігі ауа райы ыстық елдерде: Үндістан, Сауд Арабиясы, Сирия, Туркия, Монғолия және т.б. көптеген елдерде кездеседі.
Әлемде ковид секілді тырысқақтың 7 пандемиясы өткен.
Шымкентте соңғы жылдары тырысқақ жұқпасы тіркелмеген.
Вибрион суда, ашық су қоймаларында, тағамда бірнеше айға дейін сақталады. Жұқпа таралуының жалғыз көзі – ауру адам немесе тырысқақ бойынша қолайсыз аймақтан келген қоздырғышты нәжіс немесе құсық арқылы бөлетін вибриотасымалдағыштар. Қоздырғыш жұқтырылған тамақ және су (жиі кездеседі) арқылы адам ағзасына түседі, ауру адаммен қатынаста болғанда немесе тұрмыстағы заттарды пайдаланғанда жұғады. Қоздырғыш суда, сүтте, ағынды суларда ұзақ уақыт бойы сақталады және қайнатқанда жойылады. Вибрион ас қорыту органдарына түсе салысымен сұйық, ауырсындырмайтын, жиі іш өтуге, жалпы уланумен тоқтаусыз құсуға әкелетін экзотоксин бөледі. Адам өзінен көп көлемде сұйықтық жоғалта бастайды, нәтижесінде ағза сусызданып, адам өліп кетуі де мүмкін. Тырысқақтың жасырын мерзімі қысқа – 1 күннен 5 күнге дейін.
Ауру таралуының негізгі себебі қауіпсіз судың тапшылығы немесе жоқтығы, санитариялық құралдардың болмауы, бұған қоса, қоршаған ортаның нашар жағдайы, жеке бас гигиенасының сақталмауынан болады.
Ауырған науқастарды және осы ауруға күдікті науқастарды оқшаулап, дәрігерге дер кезінде көрсетіп, тағайындаған емін алу керек.
ЖІИ науқастың ауырлық жағдайына қарай ауруханаға жатқызуын немесе амбулаториялық емделуін дәрігер шешеді. Үй жағдайында амбулаториялық емделген кезде жеке бастың тазалығын қатаң сақтап, қоршаған ортаны ластамауға, көпшілікке жұқтырмаудың амалдарын қарастыру керек. Әр ауырған науқас өз бетінше емделуден аулақ болуы керек! Тек, дәрігер ғана дұрыс диагноз қояды, емдеу жолын қарастырып, емдеуді тағайындайды және қолайсыз жағдай тудырмаудың жолын біледі.
Тырысқақпен ауырғандарды тез арада оқшаулап, ауруханада емдейді!
Профилактикасы.
Алдын алу іс-шараларын сақтағанда ғана адам өзін және жақындарын ЖІИ мен тырысқақтан қорғай алатынын ескертеміз!
Сақтанайық, сақ болайық, жақынымызды сақтайық!